Шымкент қаласында құқықтық тәртіпті нығайту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта мегаполисте атыс қаруын пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу мақсатында «Қару» атты жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп жатыр.
Аталған акция аясында Полиция департаментінің қызметкерлері тіркелген қару иелерін олардың тұрғылықты мекенжайларында тексеріп, қару сақтау талаптарының қаншалықты сақталып жатқанын анықтауда. Бұл – қару иелерінің құқықтық жауапкершілігін арттыру және қоғамда заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты шара.
Тексеру барысында полицейлер қарудың тиісті жағдайда сақталуына, қажетті қауіпсіздік талаптарының орындалуына және барлық рұқсат құжаттарының өз мерзімінде ресімделуіне ерекше көңіл бөлуде. Заңбұзушылық анықталған жағдайда, қару иелері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 484 және 486-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Бұл шара – тек физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған кешенді жұмыс. Қазіргі таңда қару-жарақты немесе ақпарат құралдарын заңсыз пайдалану жағдайында қоғамда дүрбелең туғызу, жалған ақпарат тарату, әлеуметтік желілер арқылы бұқаралық сананы манипуляциялау секілді көріністер жиі кездесуде. Мұның барлығы құқықтық сауаттың төмендігінен туындайды.
Осыған орай, Шымкент қаласының полиция қызметкерлері тұрғындарды тек қару айналымы саласында ғана емес, сондай-ақ интернет-алаяқтық, қаржылық пирамидалар, ойынқұмарлық (лудомания) және қоғамдағы суицидтік көңіл-күйдің алдын алу бойынша да белсенді азамат болуға шақырады. Әсіресе жастар арасында құқықтық тәрбиені күшейту, жалған үміт тудыратын алаяқ схемалардан сақтандыру – басты назарда.
Құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік – әр азаматтың қатысуымен ғана қамтамасыз етілетін құндылық. Сондықтан Полиция департаменті барлық қару иелерін заң талаптарын қатаң сақтауға, ал қала тұрғындарын өз құқықтары мен міндеттерін білуге, заңсыз әрекеттерге бейжай қарамауға үндейді.