Шымкентте 2019 жылдан бері халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына бизнес-жобаларын іске асыру үшін 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз гранттар беріліп келеді. Ал, 2024 жылы 426 адамға грант беру жоспарланған болатын, бірақ комиссияның шешімімен 428 адамға қаржылай қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, комиссия отырысың мүшелері қосымша екі жобаны қаржыландырып, гранттар мал шаруашылығынан қызмет көрсету саласына дейінгі түрлі бағыттарға бөлінді.
Биылғы жылдың алғашқы жеті айында 7 797 отбасындағы 40 419 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 29,7 пайызға төмендеген. Жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылардың саны азайғанымен, 1-6 жас аралығындағы балаларға берілетін қосымша төлемдер жалғасуда. Қазіргі таңда, атаулы әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысы белгіленген кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға беріледі.
Сонымен қатар, биылғы жылы қалада жоспарланған жұмыспен қамту шараларының нәтижелері ашық түрде жарияланып, бірінші жартыжылдықта 56,9 мың адамды жұмыспен қамту бағдарламасына қатыстыру көзделген. Осы мерзім ішінде 27 168 адам бағдарламалардың артықшылықтарын пайдаланып үлгерді. Қазіргі уақытта жоспар бойынша 30 207 адамды жұмыспен қамту, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдау көзделіп отыр.
Қазіргі таңда қалада — 41 406 азамттың мүгедектігі бар. Оларға әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында түрлі құралдар мен қызметтер беріліп отыр. Атап айтқанда, протездік-ортопедиялық құралдарға 6 520 өтініш қабылданып, 4 111 құрал қамтылды. Сондай-ақ, мүгедектерге арналған қол арба, тифлотехникалық құралдар және жеке көмекші қызметтері де көрсетілуде. Шипажайларға жолдама алуға 11 607 өтініш қабылданып, 6 314 азамат қамтылды.