Жылжымайтын мүлікті сатып алу — бұл үлкен инвестицияны қажет ететін күрделі мәміле. Бұл процесте халыққа көмектесу үшін тұрғын үй сертификаттарының ықпалы жоғары болады. Бүгінде Шымкент қаласының жергілікті бюджетінен ипотекалық негізде тұрғын үй сатып алушыларға жалпы сомасы 300 млн теңге көлемінде тұрғын үй сертификаты беріледі деп жоспарланған. Әзірге сертификатқа өтінімдер қабылдау басталған жоқ. Бұл жөнінде хабарландыру Шымкент қала әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында, өзгеде бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде алдын ала жарияланатын болады.
Тұрғын үй сертификаты мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20», «5-10-20» бағыттары шеңберінде тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін қайтарымсыз негізде банктің ипотекалық қарыз шартын мақұлдау хатын алған соң беріледі. Тұрғын үй сертификатының сомасы әрбір үміткер үшін 1 миллион теңгеден аспайтын бірыңғай мөлшерде айқындалған.
Сонымен қатар, бұдан бөлек жыл басынан бері 200 миллион теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру бойынша ағымдағы жылдың 22 қаңтарынан бастап азаматтардан құжаттар қабылданып, 218 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген болатын. Бұл қолдау аясында 76 тұрғын, яғни 1,2 топ мүгедектігі бар азаматтар, 16 толық емес отбасы, ерекше бала асыраушы 49 отбасы, бюджеттік мекемелердің 40 қызметкері, 30 көпбалалы отбасы, 7 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар ала алатын болады.
Айта кету керек, Шымкент қаласында 2023 жылы қайтарымсыз негізде 148 отбасы тұрғын үй сертифаттары арқылы ипотекалық баспанаға қол жеткізген болатын.