Достық үйінде Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың жылдық қорытынды отырысы өтті. Жиынға қаланың жетекші ғылыми қауымдастығының өкілдері, түрлі этномәдени бірлестіктердің мүшелері, сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысты.
Отырысты Ғылыми-сарапшылық топтың жетекшісі Қайрат Анарбаев ашып, 2025 жылы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталды.
«Биыл біз қоғамдағы бірлік пен келісім мәселелерін ғылыми тұрғыдан зерделеп, сараптамалық талдауларды жүйелі жүргізуге басымдық бердік. Этносаралық қатынастардың даму динамикасы, жастар арасындағы бірлік мәдениеті, медианың қоғамдағы татулықты нығайтудағы рөлі сияқты маңызды бағыттарда зерттеулер жасалды. Алдағы жылы бұл жұмыстарды одан әрі күшейту – біздің негізгі міндетіміз», – деді Қайрат Сапарханұлы.
Жиында 2025 жылғы атқарылған жұмыстардың қорытындысы талданып, келесі жылы ғылыми-сараптамалық қызметтің тиімділігін арттыруға байланысты ұсыныстар қаралды. Сонымен қатар Ғылыми-сарапшылық топтың құрамын кеңейту мақсатында белсенді ғалымдарды қосу жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Отырыстың соңында қатысушылар пікір алмасып, ғылыми қауымдастықтың Ассамблея жұмысындағы рөлін арттыру, зерттеу нәтижелерін практикалық іс-шараларда қолдану, қоғамдағы келісім мен татулықты нығайту жолдарын талқылады.
Жиын қорытындысында 2026 жылға арналған нақты жоспарлар айқындалып, Ғылыми-сарапшылық топ жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған ұсыныстар қабылданды.
