Қазақ халқының терең тарихына үңілсек, елдің іргесін бекітіп, болашағын баянды еткен ең асыл құндылық – ынтымақ пен татулық екенін айқын көреміз. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деген дана сөз ғасырлар бойы ұрпақ санасына бағыт-бағдар болып, қоғамды біріктірген берік ұстанымға айналды.
Кең-байтақ қазақ жері талай сындарлы кезеңді бастан өткерді. Сол уақыттарда тағдырдың жазуымен сан түрлі этнос өкілдері осы киелі даладан пана тапты. Қазақ халқы өзіне тән кең пейілімен, бауырмалдығымен оларды құшақ жая қарсы алып, мейірім мен қамқорлық көрсетті. Осындай ізгі дәстүрдің арқасында халықтар арасында сенімге негізделген достық пен өзара құрмет қалыптасты. Бүгінде бұл құндылықтар еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің берік іргетасына айналып отыр.
Қазіргі Қазақстан – жүзден астам этнос тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ортақ шаңырақ. Мұнда әр ұлт өз тілін, дәстүрі мен мәдениетін сақтай отырып, ортақ Отанымыздың дамуы мен өркендеуіне үлес қосуда. Бұл – халқымыздың кең құшағы мен мемлекетіміздің сарабдал саясатының нәтижесі.
Татулық пен сенім – ел дамуының басты кепілі. Ынтымақ үстемдік еткен жерде өзара сыйластық нығайып, ортақ мақсаттарға жету жолы айқындалады. Ал татулық пен тұрақтылық бар жерде экономика күшейіп, мәдениет пен білім салалары дами түседі.
Бүгінде Қазақстан әлемге бейбітшілік пен келісімнің үлгісін көрсетіп отыр. Ел ішіндегі береке-бірлік халықаралық аренадағы беделімізді арттырып, халқымыздың татулыққа деген адалдығын айшықтайды. Достық – елдерді жақындастыратын алтын көпір, ал татулық – мемлекеттің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің тірегі.
Сондықтан ынтымақ пен татулықты сақтау – тек мемлекеттік саясаттың міндеті емес, әрбір азаматтың жүрек түкпіріндегі борышы. Бұл – келер ұрпаққа аманат етер ең қымбат мұрамыз, елдігіміздің мәңгілік тұғыры.
#МыВместе#PeaceAndHarmony#PeaceForAll#TogetherForPeace#ҚХА30жыл#АНК30лет#APK30years#АНК#ANK
