Қоғамдық қауіпсіздік пен азаматтардың құқықтық санасын арттыру – Шымкент қаласының құқық қорғау жүйесінің басты басымдықтарының бірі. «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында қалада құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі – пиротехникалық бұйымдарды заңсыз қолдануға қарсы іс-қимыл.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы мен Патрульдік полиция полкі қызметкерлері қоғамдық орындар мен көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын аралап, тұрғындарға салют, петарда, фейерверк секілді пиротехникалық заттарды рұқсатсыз пайдалануға қатаң тыйым салынатынын ескертті. Бұл заттар мереке кезінде көңіл көтерудің бір түрі болғанымен, олардың бақылаусыз қолданылуы адам өміріне, денсаулығына және қоғамдық тыныштыққа айтарлықтай қауіп төндіреді.
Полицейлердің айтуынша, соңғы жылдары мереке күндері жарақат алу және өрт шығу жағдайлары жиі тіркеліп отыр. Тәртіп сақшылары бұл әрекеттердің тек абайсыздықтан емес, кейде заң талаптарын білмеуден туындайтынын атап өтті. Сондықтан да құқықтық сананы арттыру – мұндай жағдайлардың алдын алудағы негізгі құралдардың бірі.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 436-бабына сәйкес, қоғамдық орындарда тыныштықты бұзу және пиротехникалық бұйымдарды рұқсатсыз қолдану үшін ескерту немесе айыппұл салу түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Егер бұл әрекеттер адамның денсаулығына зиян келтірсе немесе мүлікке залал тигізсе, қатаңырақ шаралар қолданылады.
Шымкент полициясы тұрғындарды қауіпсіздік талаптарын сақтауға, әсіресе балаларға ерекше назар аударуға шақыруда. Себебі кәмелетке толмағандар арасында пиротехникалық бұйымдарды дұрыс пайдаланбау фактілері жиі кездеседі. Балаларға мұндай заттарды өз бетімен қолдануға қатаң тыйым салынып, ата-аналарға олардың іс-әрекетіне жауапты екені ескертілді.
Сонымен қатар, полиция қызметкерлері қала тұрғындарына түсіндіру парақшаларын таратып, әлеуметтік желілер арқылы бейнероликтер жариялап, «Қауіпсіз мереке – құқықтық мәдениеттен басталады» атты ақпараттық акция өткізуде. Мұндай шаралар қаладағы құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және азаматтардың заңға деген құрметін арттыруға бағытталған.
Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығы – ортақ жауапкершілік. Сондықтан әр шымкенттік заңды құрметтеп, өз әрекетінің салдарын түсінуге тиіс. Құқықтық санасы жоғары азамат ешқашан заңды бұзбайды, өз және өзгенің қауіпсіздігін сақтайды.
Полиция департаменті қала тұрғындарын «Заң мен Тәртіп» қағидатын ұстануға, күмәнді жағдайлар немесе заңсыз әрекеттер байқалған кезде бірден 102 нөміріне хабарлауға шақырады. Тек осылайша қоғамда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге болады.
