2025 жылы Шымкент қаласында жастардың құқықтық санасын көтеру және оларды зиянды әдеттерден сақтандыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Солардың бірі – «Есірткі – зұлым!» атты ауқымды іс-шара. Бұл шараның мақсаты – жас буынға нашақорлықтың қауіптілігін түсіндіру, құқықтық жауапкершілікті насихаттау және салауатты өмір салтын қалыптастыру.
Шымкент қаласы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Қаратау ауданындағы А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беру мектебінде оқушылармен арнайы кездесу өткізді. Жиын барысында полицейлер балаларға есірткіге әуестенудің психологиялық, әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қаншалықты қауіпті екенін ашық түсіндірді. Әңгіме барысында «есірткіге жоқ деу» – мықты рух пен ерік-жігердің белгісі екені баса айтылды.
Оқушыларға қылмыстық жауапкершілік жасы, заң бұзушылықтың салдары және құқықтық нормаларды бұзудың болашаққа тигізетін кері әсері түсіндірілді. Полицейлер әрбір жасөспірім мектеп қабырғасынан бастап құқыққа құрметпен қарап, тәртіпті болып, білімге ұмтылуы қажет екенін атап өтті. Себебі құқықтық сауаттылық – тек заңды білу ғана емес, оны күнделікті өмірде дұрыс қолдана білу қабілеті.
Іс-шара барысында оқушыларға бос уақытты тиімді пайдалану, спортпен шұғылдану, өнер мен ғылымға қызығу, өз қабілеттерін дамытуға бағытталған кеңестер берілді. Жаман әдеттерден аулақ болып, қоғамға пайда әкелетін азамат болып қалыптасу – әрбір жастың парызы екені айтылды.
Полицейлердің айтуынша, адамның өмірі мен денсаулығынан асқан құндылық жоқ. Сондықтан қауіпсіз қоғам құру – тек құқық қорғау органдарының емес, әрбір азаматтың міндеті. Бұл бағытта отбасының тәрбиесі, мектептің рөлі және қоғамның қолдауы шешуші мәнге ие.
«Есірткі – зұлым!» атты шара Шымкент қаласында құқықтық сананы арттыру мен жастарды есірткіден қорғау ісіндегі маңызды қадам болып отыр. Мұндай кездесулер жас буынға құқықтық білім беріп қана қоймай, олардың өмірге деген дұрыс көзқарасын қалыптастырады. Құқықтық сауаттылық пен салауатты өмір салты – қауіпсіз әрі тұрақты қоғамның негізі.