2025 жылы Шымкент қаласында құқықтық сананы арттыру және қылмыстың алдын алу бағытында жаңа бастамалар қолға алынуда. Солардың бірі – бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды есірткіге қарсы іс-шараларға ерікті ретінде тарту тәжірибесі. Бұл қадам қоғамға қайта бейімделіп жатқан азаматтардың жаңа өмірге сеніммен қадам басуына, сондай-ақ құқықтық мәдениетті нығайтуға ықпал етуде.
Қылмыстық жазасын өтеп шыққан адамдардың қайтадан есірткіге тәуелді болу немесе қылмысқа бару қаупі жоғары екені белгілі. Осыны ескере отырып, Қазақстан Республикасы ІІМ басшылығы арнайы тапсырма берді. Шымкент қаласының полиция департаменті мен Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті бірлесіп, босатылған азаматтарды қоғамға бейімдеу, олардың әлеуетін оң арнаға бағыттау мақсатында еріктілік қозғалысына тарту жұмыстарын бастады.
Бұл бағыттағы алғашқы іс-шаралар Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №69 және №54 түзету мекемелерінде өтті. Кездесулер барысында сотталғандарға есірткі қылмыстарының қоғамға тигізетін зардабы түсіндіріліп, заң алдындағы жауапкершілік және құқықтық нормаларды сақтау қажеттілігі ерекше атап өтілді. Мұндай әңгімелер сотталғандардың есірткіге және қылмысқа деген теріс көзқарасын қалыптастыруға бағытталған.
Жазасын өтеп шыққан азаматтарды ерікті ретінде тарту бірнеше маңызды нәтижеге жеткізеді:
- олар өзін қоғамға пайдалы әрі қажетті адам ретінде сезінеді;
- жаңа ортада сенім мен жауапкершілікке үйренеді;
- бос уақытын тиімді пайдаланады;
- қайта қылмыс жасау тәуекелі төмендейді.
Осылайша, бұрынғы сотталғандардың тәжірибесін қоғамға пайдасы тиетін арнаға бұру арқылы құқықтық сананы арттыруға және жастарды есірткіден сақтандыруға мүмкіндік туады.
Мұндай шаралардың табысты болуы үшін қоғамның да көзқарасы маңызды. Қайта қылмысқа бармауы үшін босатылғандарға сенім арту, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасау – ортақ міндет. Бұл тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның қатысуын қажет ететін жұмыс.
Шымкент қаласында басталған бастама – құқықтық сананы көтерудің тың тетігі. Босатылғандарды ерікті ретінде тарту арқылы оларды қайта әлеуметтендіруге, жастарға үлгі көрсетуге және құқық бұзушылықтың алдын алуға жол ашылады. Бұл – қауіпсіз әрі әділетті қоғам құруға бағытталған маңызды қадам.