Бүгінгі таңда Қаратау ауданының аумағы 19 500 гектарды құрап, халық саны 213 мыңнан асты. Аудан аумағында 18 елді мекен, 29 762 – жеке тұрғын үйлер, 603 – көп қабатты үйлер, 595 көшелер мен 11 демалыс орындары бар.
Ауданның ауыз сумен қамту көрсеткіші 98%. Сайрам, Қызылсу тұрғын алаптары және Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағы ауыз сумен қамтуды қажет етеді.
2023 жылы Сайрам, Қызылсу және Бозарық елді мекенінің жаңақұрылыс аумағында ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары басталған болатын, аталған жұмыстар 2024 жылы аяқталады деп күтілуде. Осы жұмыстардың аяқталуына орай, ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 % құрайды.
Сонымен қатар, Қаратау ауданы бойынша Электр жарығымен қамту көрсеткіші 98 % құрайды. Бозарық саяжайы мен Сайрам тұрғын алабының жаңақұрылыс аумақтары электр жарығымен қамтуды қажет етеді.
2023 жылы Бозарық саяжайының жаңақұрылыс аумағына электр жарығының құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі таңда, аталған аумақта абоненттеу жұмыстары атқарылуда. Жұмыстардың аяқталуына орай, қамту көрсеткіші 100 % құрайды.
Аудан аумағында 2 саябақ, 9 гүлзар бар. Аудан тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында аудан аумағында 2023 жылы 6 гүлзар пайдалануға берілсе, 2024 жылы 8 гүлзар салу жоспарланып отыр.
Аудан аумағында 603 көп қабатты үй 210 аулаға біріктірілген. 210 ауланың 189 ауласы абаттандырылған. 2024 жылы халық қатысатын бюджет жобасы аясында ағымдағы жылы 21 балалар ойын алаңы (көп қабатты үй аумағында 5 аула) мен 9 ашық спорт алаңшасын салу жоспарланған. 2025 жылдың соңына дейін көп қабатты үй аулаларын 100 % абаттандыру жоспарланған.
Сондай-ақ, Қаратау ауданы аумағында жалпы 595 көше бар. Оның 125 көшесі жарықтандырылған. Ауданды жарықпен қамту көрсеткіші 21 % құрап отыр. 2023 жылы аудан аумағындағы маңызға ие 19 көшені жарықтандыру жұмыстары атқарылса, тұрғындар тарапынан 18 көше жарықтандырылған.