Шымкент қаласында қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Соның бірі — қалалық Полиция департаменті ұйымдастырған «Зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» акциясы.
Іс-шараны Полиция департаментінің Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес басқармасы Арбат демалыс аумағында ұйымдастырды. Негізгі мақсат — азаматтарға тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдарын түсіндіру, заңнамалық өзгерістермен таныстыру, сондай-ақ шұғыл жағдайда дұрыс әрекет ету алгоритмін үйрету.
Түсіндіру жұмыстары барысында полицейлер тұрғындарға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң нормаларын, жәбірленушілерді қорғау тетіктерін түсіндірді. Акция аясында арнайы ақпараттық жадынамалар таратылып, азаматтардың сұрақтарына жан-жақты жауап берілді. Сонымен қатар, арнайы жасақ қызметкерлері өзін-өзі қорғау тәсілдерін көрсетіп, іс-шараға қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.
Бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық — тек жеке отбасы мәселесі емес, бүкіл қоғамға әсер ететін күрделі әлеуметтік проблема. Мұндай әрекеттерге нөлдік төзімділік қағидатын қалыптастыру – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Бұл бастама тек физикалық зорлық емес, психологиялық қысым, қаржылық шектеу, эмоциялық қысым сияқты көріністерге де қарсы тұруды көздейді.
Осы орайда Шымкент қаласы Полиция департаменті азаматтарды кез келген заң бұзушылыққа бейжай қарамауға, бөтеннің қайғысына селқос болмауға шақырады. Әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы мен белсенді азаматтық ұстанымы — отбасылық татулық пен қоғамдық тұрақтылықтың кепілі.
Бұл акция құқықтық түсіндіру жұмысын жүргізумен қатар, қоғамның құқықтық иммунитетін нығайтуға бағытталған маңызды бастама болды. Айта кету керек, құқық қорғау органдарының назары тек тұрмыстық зорлықпен ғана шектелмейді. Олар интернет-алаяқтық, қаржылық пирамидалар, жалған ақпарат тарату, ойынқұмарлық (лудомания) және суицидтің алдын алу бағытында да жүйелі түрде профилактикалық шаралар атқарып келеді.
Халықтың құқықтық санасын арттыру – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өз құқығын білетін, заңға сенетін, әділетке ұмтылатын азамат – қауіпсіз елдің тірегі.