«Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында Шымкент қаласында құқықтық сананы арттыру және қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның бірі – Шымкент қаласы Полиция департаменті қызметкерлерінің ұйымдастыруымен №148 жалпы орта мектептің жоғары сынып оқушыларына өткізілген «Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбындағы қауіпсіздік сабағы.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң алдындағы жауапкершілік туралы түсінігін қалыптастыру және интернет кеңістігінде, қоғамдық ортада қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін дамыту. Сабаққа 8–11 сынып оқушылары қатысып, ашық диалог форматында өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, белсенді пікір алмасты.
Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор жасөспірімдерге құқықбұзушылық түрлері мен әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктің айырмашылығын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, заң бұзушылықтың салдары мен оның адамның болашағына әсері туралы нақты мысалдар келтірді. Полицейлер интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік ережелеріне де тоқталып, онлайн алаяқтықтың кең тараған түрлері мен одан қорғанудың жолдарын егжей-тегжейлі түсіндірді.
Оқушылар желідегі жалған парақшалар, күмәнді сілтемелер мен бейтаныс адамдардан келетін хабарламалардың қауіпті екенін білді. Сондай-ақ, жеке деректер мен банк картасының нөмірлерін ешкімге бермеу қажеттілігіне назар аударылды. Полицейлер жасөспірімдердің өмірінде жол қауіпсіздігінің де маңызы зор екенін айтып, жолда жүру мәдениеті мен қауіпсіздік белдігін тағудың маңызын түсіндірді.
Кездесу барысында оқушылар өз отбасыларында немесе таныстары арасында болған интернет-алаяқтық жағдайларын мысалға келтіріп, талқылауға белсенді қатысты. Мұндай еркін форматтағы сабақтар оқушылардың сыни ойлау қабілетін дамытып, олардың заңға деген құрметін арттырады.
Полиция департаментінің өкілдерінің айтуынша, құқықтық мәдениет пен қоғамдық тәртіп тек жазалау шараларымен емес, ең алдымен түсіндіру және білім беру арқылы қалыптасады. Сондықтан осындай профилактикалық кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, жасөспірімдердің құқықтық санасын арттыруға, полиция мен қоғам арасындағы өзара сенімді нығайтуға бағытталады.
Кездесу соңында оқушылар мен ұстаздар ұйымдастырушыларға пайдалы әрі әсерлі сабақ үшін алғыс білдіріп, мұндай кездесулердің маңыздылығын атап өтті. Ал тәртіп сақшылары жастардың құқықтық мәдениеті жоғары болса, қоғамда тәртіп пен қауіпсіздік те нығая түсетінін айтты.
