My CMS
Қоғам

ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП ПЕН ҚАУІПСІЗДІК — БАСТЫ МІНДЕТ: ҚАУІПТІ ПРАНКТЕРГЕ ТОСҚАУЫЛ ҚОЮ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке және Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға әлеуметтік желілерде қауіпті пранктердің кеңінен таралуына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Депутат өз сауалында қоғамда жауапсыз әрекеттер мен этикалық шекарадан асқан «пранк» видеолардың көбейіп кеткенін атап өтті. Әлеуметтік желіде лүпіл мен қаралым жинау үшін өзгенің қорқынышын, абыройын және тыныштығын ойынға айналдыру – қоғамдық тәртіпке, адамгершілікке және ұлттық менталитетке қайшы әрекет екеніне назар аударды.

Сондай-ақ соңғы уақытта ел ішінде және шетелде түсірілген бірқатар бейнероликтердің қоғамда теріс пікір қалыптастырып, Қазақстанның абыройына нұқсан келтірген нақты мысалдар келтірілді. Депутаттың айтуынша, мұндай бейәдеп пранктер адамдардың жеке өміріне қол сұғып, қоғамдық тыныштықты бұзып отыр.

Сонымен қатар, Нартай Сәрсенғалиев жаңа үрдіске айналып бара жатқан жасанды интеллект көмегімен жасалатын «сандық пранктерге» де тоқталды. Кейбір жағдайларда жасанды бейнелер мен дыбыстар арқылы жалған жағдайлар туғызылып, ата-аналарды, азаматтарды алдаусырату фактілері орын алуда. Мұндай әрекеттер қоғамда үрей туғызып қана қоймай, құқық қорғау органдарының жұмысына да кері әсерін тигізіп отыр.

Осыған байланысты депутат қауіпті пранктердің алдын алу және оларға тосқауыл қою мақсатында келесі шараларды қарастыруды ұсынды:
— қоғамдық тәртіпті бұзған және жеке тұлғалардың құқығына қол сұққан пранкерлердің бірыңғай тізімін жасап, жариялау;
— адамның ар-намысына нұқсан келтіретін бейнежазба таратқан әлеуметтік желі парақшаларын дереу бұғаттау;
— әлеуметтік желі әкімшілеріне қауіпті контентті анықтап, уәкілетті органдарға жедел хабарлау міндетін жүктеу;
— мұндай теріс құбылыстардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі және тиімді форматта жүргізу.

Хакім Абайдың «Ішпек, жемек, кимек, күлмек, көңіл көтермек – бәрінің де өлшеуі бар» деген өсиетін мысалға алған депутат, қоғамда жауапкершілігі төмен азаматтардың шектен шыққан әрекеттерін заңмен реттеудің қажеттігін айтты.

Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, пранк атымен жасалып жатқан мұндай әрекеттер күлкі емес, қауіп тудырады. Сондықтан қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың құқықтарын қорғау – мемлекеттің ғана емес, әрбір азаматтың ортақ борышы.

Қатысты жаңалықтар

Бағаны тікелей реттеуден бас тарту және атаулы әлеуметтік қолдауға көшу – 2024 жылғы Президент Жолдауын жүзеге асыру

ulanonlinejob_r46y8xlo

Маңғыстаудың қайсар да кеңпейіл жандарға толы

ulanonlinejob_r46y8xlo

ҚОСТАНАЙ ДИҚАНДАРЫ БИЫЛ КӨКТЕМГІ ЕГІСТІ ЕРТЕ БАСТАДЫ: АУА РАЙЫ МЕН ТЕХНИКА ДАЙЫН

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз