Биылғы Ұлы дала жорығының басталуына бар болғаны 15 күн қалды. 10 мамырда қазақ даласының төсінде ұлттық рухты оятатын айтулы бәйге – халықаралық ат марафоны қайта жанданып, Балқаштан Қонаевқа дейінгі 500 шақырым жолда шабандоздар жүйріктерімен жарысады.
Бұл жолғы аламан Алматы – Өскемен тасжолының бойындағы Бақанас көпірінен бастау алып, ежелгі керуен жолдарын жаңғырта отырып, Қонаев қаласында мәреге жетеді. Жорыққа тек Қазақстанның әр аймағынан емес, Кавказ, Орталық Азия елдерінен де шабандоздар келіп қатысады.
Былтыр көшпенділер ойындары аясында ұйымдастырылған алғашқы аламанда Қабардин-Балқар командасы топ жарған болатын. Бұл жеңіліс қазақ атбегілерінің намысын оятып, биылғы жорыққа тыңғылықты дайындықпен келуіне түрткі болды. Алматы облысының тізгінін ұстаған Қуат Үсенов бастаған команда есе қайтаруға бел буып отыр.
– Биыл алтын алуға бар күшімізді саламыз. Жігіттер де, аттар да бабында. Күміс қолда, алтын жолда дейтін уақыт келді, – дейді Қуат Үсенов.
«Ұлы дала жорығы» – тек бәйге емес, бұл – жылқы мәдениетін жаңғырту, ұмыт болған тұқымдарды қайта тірілту, жастарды атқа міну мәдениетіне баулу жобасы.
Руслан Төкенұлы, тәжірибелі шабандоз:
«Үш жыл ішінде жорықтың ауқымы кеңейіп, қазақ қана емес, көрші елдердің де қызығушылығы артты. Бұл — ұлттың тамырын тереңнен іздеу жолы».
Ал Argymaq.kz сайтының бас редакторы Ержан Жаубай болса, мұндай ұзақ қашықтықтағы бәйгелердің тамыры тереңде жатқанын еске салады:
«Кеңес дәуірінде аты шыққан ‘Араб’ атты жүйрік Ашхабадтан Мәскеуге дейін шауып жеткен. Ұлы дала жорығы – сол тарихи сабақтастықтың заманауи үлгісі».
Ұйымдастырушылар жорыққа қатысушылар үшін нақты талаптар қойған:
- Шабандоздың жасы – кемінде 18 жаста болуы керек,
- Жылқы – кемінде 6 жаста, бұл аттың шектен тыс қажыр алмауын қамтамасыз етеді.
Бес күнге созылатын жорық барысында қатысушылар Балқаш, Жамбыл, Іле аудандарының ауылдарын кесіп өтеді. Марафон аясында асыл тұқымды жылқылар көрмесі, қолөнер жәрмеңкесі және ұлттық тағамдар фестивалі өткізіледі.
«Ұлы дала жорығы» – бұл тек бәйге емес, бұл ерлік пен рухтың, өнер мен салттың, тарих пен болашақтың тоғысқан тұсы. Балқаштан басталатын бұл дүбір қазақтың көк тұлпарлы күндерін қайта тірілтіп, жас ұрпаққа шабыт сыйлар жобаға айналып келеді.
10 мамырда Бақанаста басталар жорық – тек ат бәйгесі емес, Ұлы даланың жүрегі дүрсілдеп соғатын сәті болмақ.