Құқықтық сананы қалыптастыру – азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін арттырып, қоғамдағы құқық бұзушылықтардың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Осы бағытта Шымкент қаласында түрлі құрылымдардың бірлескен іс-қимылы негізінде нақты әрі пәрменді шаралар қолға алынуда.
Шымкент қаласы Полиция департаментінде ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің қалалық департаменті, қалалық прокуратура, Әділет министрлігіне қарасты сот сараптамасы орталығы, сондай-ақ аудандық полиция басқармаларының тергеу және анықтау құрылымдары қызметкерлерінің қатысуымен кеңейтілген жиын өтті. Оған департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Асылжан Қалдарбеков төрағалық етті.
Күн тәртібінде құқықтық ақпаратты тиімді қолдану, құқық бұзушылық картасымен жұмыс жүргізу тәртібі, сондай-ақ «Е-сараптама» дерекқорын пайдалану барысында туындайтын өзекті мәселелер қаралды. Бұл өз кезегінде тергеу және алдын алу шараларын нақтылай түсуге мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың бес айындағы көрсеткіштерге сараптама жасалып, құқықтық статистика сапасын арттыру және электронды жүйелерді жетілдіру мәселелері де кеңінен талқыланды.
Жиын барысында қаржылық пирамидалар мен интернет-алаяқтықпен күрес, жалған ақпарат таратуға және қоғамның бұқаралық санасын манипуляциялауға қарсы іс-қимыл, сондай-ақ жастар арасында кең тараған лудомания мен суицидтік көңіл-күйдің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан ақпараттық түсіндіру жұмыстарының маңыздылығы атап өтілді.
Құқық қорғау органдарының басты міндеттерінің бірі – қоғамда құқықтық сауатты ұрпақ қалыптастыру, азаматтарды қауіп-қатерден қорғау. Бұл тұрғыда тұрғындармен тікелей байланысты нығайтып, құқықтық білімді жүйелі түрде насихаттау, әсіресе әлеуметтік желілер мен заманауи ақпарат құралдарын тиімді қолдану – басты назарда.
Жиын қорытындысында өзара іс-қимылды одан әрі жетілдіру, жұмыс барысындағы кемшіліктерді жою, сондай-ақ құқықтық түсіндіру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру бойынша нақты тапсырмалар берілді.