My CMS
Аймақ Қоғам

ШЫМКЕНТТЕ КӘМЕЛЕТКЕ ТОЛМАҒАНДАР АРАСЫНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ САНАНЫ АРТТЫРУ МАҚСАТЫНДА КӨШПЕЛІ СОТ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыру және жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу – ел болашағы үшін маңызды қадам. Осы орайда, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының прокуратурасы мен Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бірлесіп, «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі» студенттерінің қатысуымен көшпелі сот отырысын ұйымдастырды.

Аталған іс-шараның басты мақсаты – құқықтық сананы арттыру, заң талаптарының маңызын түсіндіру, кәмелетке толмағандар арасында қылмыстың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту.

Көшпелі сот отырысында бірнеше қылмыстық эпизод қаралды. Қылмыстық іс бойынша жасы 18-ге толмаған 4 жасөспірім бұрын да сотты болған. Олар қала аумағында автокөліктерді айдап кетіп, бөтеннің мүлкін заңсыз иеленген. Бұл әрекеттері арқылы жәбірленушілерге материалдық шығын келтірген. Сот үкімімен олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігінің 2 және 3-тармақтары, сондай-ақ 200-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, тиісті жазалар тағайындалды.

Отырысты арнайы көрме-сот процесі түрінде өткізу – құқықтық түсіндіру жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында таңдалған тәсіл. Колледж студенттері нақты сот процесін өз көздерімен көріп, сот залының ахуалын, тараптардың құқықтық мәртебесін және сот шешімінің салдарын айқын сезінді. Бұл — жасөспірімдердің санасына құқықтық нормалардың нақты әрекет арқылы әсер етуінің бір үлгісі.

Іс-шара аясында Әл-Фараби ауданының прокуратурасы студенттермен профилактикалық әңгіме жүргізіп, оларды жас ерекшеліктеріне қарай жиі орын алатын құқықбұзушылықтар мен заң талаптары туралы хабардар етті. Атап айтқанда, жалған ақпарат тарату, әлеуметтік желілер арқылы алаяқтық жасау, қаржылық пирамидалар мен лудоманияға тартылу, сондай-ақ интернеттегі теріс ағымдар мен суицидтік қауіптер туралы нақты мысалдармен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Прокуратура өкілдері жастарға қылмыстық жауапкершіліктің жас мөлшеріне қарамастан қолданылатынын, заң алдындағы жауапкершіліктің барлық азамат үшін тең екенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар, құқықтық сауатсыздықтың салдары, әсіресе интернет арқылы жасалатын қылмыстардың көбеюі, қазіргі жастарды қауіп-қатерге жиі ұрындырып отырғаны айтылды.

Осыған байланысты жасөспірімдерге құқықтық тәрбие беру, ата-аналар мен педагогтердің белсенді араласуы және құқық қорғау органдарымен өзара ынтымақтастық қоғамдағы қылмыстың алдын алудың маңызды құралы болып қала береді. Шымкент қаласында осындай тәжірибелік іс-шаралар құқықтық мәдениет пен жастар арасындағы саналы көзқарастың қалыптасуына елеулі үлес қосуда.

Қатысты жаңалықтар

Қадиров Шәріп Аташбекұлы

ulanonlinejob_r46y8xlo

МОДЕРНИЗАЦИЯ: БИЫЛ 38 КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ЖӨНДЕЛЕДІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

ҚАЗЫҒҰРТ ШАҒЫН АУДАНЫНДАҒЫ МЕКТЕП КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз