Қостанай облысында көктемгі егіс жұмыстары жылдағыдан бір аптаға жуық ерте басталды. Ауа райының қолайлығы мен топырақтың жылдам жылынуы диқандарға күн ілгері қамданып, науқанға ертерек кірісуге мүмкіндік берді. Мамандар мұндай жағдай өңір үшін сирек болатынын айтады.
Жалпы, облыс шаруалары 5 миллион 100 мың гектар жерге жаздық дақылдар егуді жоспарлап отыр. Бұл — елдегі ең ауқымды егіс көлемдерінің бірі. Қазірдің өзінде диқандар жер жыртып, топырақтағы ылғалды сақтап қалу үшін тығыздау және тегістеу жұмыстарын қызу жүргізуде.
Меңдіқара ауданындағы ірі шаруашылықтардың бірі — Серік Мұқанов басқаратын қожалық. Мұнда 6,5 мың гектар егіс алқабы бар. Соның 5 мың гектарына ылғал жабу жұмыстары аяқталып қалды. Агроном Аслан Абдуллиннің айтуынша, биыл қар аз болғанымен, топырақта бір метрден артық ылғал бар. Бұл — көктемгі егіске қолайлы жағдайдың дәлелі.
«Жаңбыр әрқашан артық етпейді. Алдағы уақытта жауын-шашын түссе, егілген дәннің көктеуі жақсы болады», — дейді ол.
Көктемгі дала жұмыстары әдетте мамырдың ортасында басталатын, алайда биыл бес-алты күнге ерте қолға алынды. Бұл дақылдардың ертерек пісіп, жазғы ыстыққа төтеп беруіне де оң әсерін тигізеді. Қазірдің өзінде облыста 43 мың гектар алқапқа дән себілді.
Шаруашылық жетекшісі Серік Мұқанов мемлекеттен берілетін субсидия мен жеңілдетілген несиенің кештеу берілгенін, бірақ соған қарамастан науқанға дер кезінде үлгеріп жатқанын айтты. Ресей мен Петропавлдан жеткізілген тұқым сапасы да көңіл көншітеді.
Биыл майлы дақылдар алқабы 10 мың гектарға артып, керісінше бидай мен бұршақ дақылдарының үлесі азайған. Бұл — нарық сұранысына қарай бейімделудің нәтижесі. Ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Кенже Жұмандықов та көктемнің ерте келуі мен температуралық режимнің оңтайлы болуы егіс науқанын ерте бастауға себеп болғанын растап отыр.
Егер ауа райы қолайлы болып тұрса, шаруалар мамырдың соңына дейін көктемгі егісті толық аяқтаймыз деп отыр. Бұл еліміздің астықты аймағы саналатын Қостанай үшін өнім көлемін арттыруға үлкен мүмкіндік бермек.