Цифрлық дәуірдің тұңғыш әрі танымал мессенджерлерінің бірі — Skype өз қызметін ресми түрде тоқтатты. Бұл туралы қосымшаның иесі — Microsoft компаниясы ресми мәлімдеме жасады. Миллиондаған қолданушы үшін бейнеқоңыраудың символына айналған сервис енді тарих беттерінде ғана қалмақ.
2003 жылы іске қосылған Skype алғашқылардың бірі болып әлем бойынша адамдарды қашықтан байланыстырудың тиімді жолын ұсынды. Жылдар бойы ол жұмыс кездесулерінен бастап, алыстағы туыстармен сөйлесуге дейінгі түрлі мақсаттарда қолданылды. Алайда соңғы жылдары Telegram, Zoom, WhatsApp секілді жаңа буын платформалардың жаппай танымал болуына байланысты Skype-тың танымалдығы күрт төмендеді.
Microsoft өкілдерінің айтуынша, Skype-тың барлық негізгі функциялары мен қызметтері енді Microsoft Teams платформасына толықтай көшіріледі. Бұл жұмыс барысындағы коммуникацияны жеңілдету және бір экожүйеге біріктіру мақсатында жасалған қадам. Компания бұл өзгерісті барынша жеңіл әрі ыңғайлы етуге тырысатынын жеткізді.
Сонымен қатар, пайдаланушыларға аккаунттарында сақталған барлық жеке ақпаратты 2025 жылдың соңына дейін көшіріп алуға кеңес берілді. Әйтпесе, келер жылы барлық мәлімет автоматты түрде жойылады.
Бір кездері онлайн қарым-қатынастың ең сенімді құралы болған Skype-тың жабылуы — технологиялар әлеміндегі тоқтаусыз жаңғыру мен нарықтың жылдам өзгеруінің айқын дәлелі.