Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы сауда-экономикалық байланыс жаңа деңгейге көтерілді. Жуырда Кабулда өткен Қазақстан-Ауғанстан сауда-экономикалық миссиясының нәтижесінде екі ел кәсіпкерлері жалпы құны 140 миллион АҚШ долларына тең келісімдер жасасты.
Миссия аясында қазақстандық компаниялар өз өнімдерін ұсынып, Ауғанстан нарығына агроөнеркәсіп, тоқыма және өңдеу өнеркәсібі саласындағы тауарлар мен қызметтерін таныстырды. Мамандардың айтуынша, қазақстандық өнімдерге айтарлықтай жоғары қызығушылық байқалған. Бұл келісімдер екі ел арасындағы сауда айналымын арттырып қана қоймай, өңірлік экономикалық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды қадамы ретінде бағаланып отыр.
Қазақстан тарапынан ұсынылған инновациялық өнімдер арасында ауыл шаруашылығына арналған заманауи технологиялар да болды. Мәселен, Aerolab компаниясы Ауғанстанға егін алқаптарын мониторинг жасау және тыңайтқыштар шашуға арналған дрондарын таныстырды. Компанияның техникалық директоры Қайрат Есенғали:
«Ауғанстан тарапы ауыл шаруашылығы саласына арналған дрондарға үлкен қызығушылық білдірді. Бұл – экспорт көлемін ұлғайтып, қазақстандық жоғары технологиялық өнімдердің халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік беретін бағдарлама», – деп атап өтті.
Айта кетейік, бұл миссия 2023 жылы қазанда қабылданған Қазақстан-Ауғанстан арасындағы жол картасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, былтыр Алматыда өткен Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумында қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы ретінде маңызды рөл атқарып отыр.
Қазақстандық сарапшылардың пікірінше, осындай миссиялар арқылы екі ел арасындағы сауда қатынастарын тұрақты түрде дамытып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашуға болады. Ал Ауғанстан тарапы үшін бұл келісімдер ел экономикасын қалпына келтіруге және халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға қосымша серпін береді.