Шымкент қаласының жолаушылар тасымалдау саласы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі күні қала ішінде 80 бағыт бойынша күн сайын 947 автобус жолаушыларды тасымалдауда. Қаланың әртүрлі аумақтарын қамтып, күнделікті сапарлар ұйымдастырып отырған бұл маршруттарға 11 көлік компаниясы қызмет көрсетуде. Жалпы алғанда, Шымкентте жұмыс істейтін автобустардың саны 1150-ге жетті, оның ішінде 44 автобус 3 жылға дейінгі мерзімде пайдаланылса, 1090 автобус 5 жылға дейінгі мерзімде жолаушыларға қызмет етуде. Ал 7 жылдан асқан көліктер саны бар-жоғы 16 автобусты құрайды.
Қоғамдық көлік паркіндегі барлық автобустар GPS трекерлерімен жабдықталған, бұл құрылғылар жолаушылар тасымалының сапасын қадағалап, қызмет көрсетудің тиімділігін қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда автопарктің 615 автобусы сығымдалған газ-метан отынымен жұмыс істейді, ал қалған 535 автобус дизель отынын пайдаланады. Қаланың көлік инфрақұрылымын жақсарту аясында екі газ толтыру станциясы қызмет көрсетуде, және жыл соңына дейін «Shymkent Bus» автопаркіне үшінші газ толтыру станциясын іске қосу жоспарлануда. Бұл жаңа станция қала тұрғындары үшін газбен қамтамасыз ету мәселесін толықтай шешуге үлкен үлес қосады деп күтілуде.
Әлеуметтік маңызы бар маршруттар қала билігінің басты назарында тұр: 77 бағыт осы санатқа енгізіліп, қызмет сапасын тұрақты ұстау мақсатында жергілікті бюджеттен 33,2 миллиард теңге көлемінде субсидия бөлінді. Сонымен қатар, биыл жолаушылар тасымалдаушы компаниялар өз автопаркін жаңартуды жалғастыруда. Жаңа заманауи талаптарға сай 19 автобус сатып алынды, ал «Shymkent Bus» автопаркі 200 жаңа автобус алу үшін «Өндірістік даму қоры» АҚ-нан мақұлдау алды. Жоспар бойынша, осы жылдың соңына дейін жаңа автобустардың алғашқы 100-і кезең-кезеңімен қалаға жеткізіліп, пайдалануға беріледі.
Бұл бастамалар Шымкент қаласының жолаушылар тасымалының сапасын айтарлықтай жақсартуға бағытталған маңызды қадамдар саналады. Қоғамдық көліктердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру қала тұрғындарына ыңғайлы және қауіпсіз сапар жасау мүмкіндігін береді, ал экологиялық таза отынға көшіп жатқан автобустар қала экологиясына оң әсер етеді.