Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Қазақстандық коммуналдық жүйелері» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Дінмұхамет Ыдырысовпен кездесіп, қала энергетикалық жүйесін тұрақты дамытуға бағытталған стратегиялық серіктестік туралы меморандумға қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты — Шымкент қаласының энергетикалық инфрақұрылымын кешенді түрде дамыту. Бұл жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды жүзеге асыру мен электр энергиясын беру және тарату жүйелерін жаңғырту арқылы жүзеге асырылады. Нәтижесінде қала тұрғындары мен кәсіпкерлер тұрақты әрі экологиялық таза энергиямен қамтамасыз етіледі.
Электр көлігі инфрақұрылымын жақсарту — меморандумның тағы бір маңызды міндеті. Осы жылдың ішінде қалада алғашқы электр қуаттау станциясы орнатылып, 2026 жылға дейін олардың саны онға дейін жетеді деп жоспарлануда.
Энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 80 МВт болатын жаңа төмендету қосалқы станциясы салынады. Бұл шара жаңа шағынаудандарда өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыруға мүмкіндік береді. 336 км тарату желілерін қайта құру, 139 трансформатор бекетін жаңарту, 50 трансформаторды ауыстыру және үш қосалқы станцияда релелік қорғанысты жаңарту жұмыстары да атқарылады.
Сонымен қатар, меморандум аясында Шымкентте әлеуметтік тұрғын үй құрылысын бастау жоспарлануда. Сондай-ақ, жобаларды жүзеге асыру қала экологиясын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және энергетика секторына қосымша инвестициялар тартуға елеулі үлес қосады.
Кездесу соңында қала әкімі «Шымкент қаласының тұрғындарын сапалы әрі үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету біздің басты міндетіміз» деп атап өтті.