Шымкент қаласында тұрғын үй мәселесін шешу және әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету мақсатында мемлекеттік бағдарлама аясында кезекте тұрған 251 отбасыға арендалық пәтерлер табысталды. Бұл игі бастама халықтың баспанаға деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Шымкент қаласында берілген пәтерлердің ішінде 48 пәтер көпбалалы отбасыларға арналса, 112 пәтер халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына жататын азаматтарға ұсынылды. Сонымен қатар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін 91 пәтер бөлініп, оларға тұрғын үй келісім-шарттарын рәсімдеу жұмыстары жауапты сала өкілдерімен бірге жүргізіліп жатыр. Бұл іс-шара халықтың әл-ауқатын арттыруға, олардың тұрақты баспанамен қамтылуына үлкен көмек көзі болатын болады.Қаладағы жаңа тұрғын үйлер Шымкент қаласының 189-орам және Қаратау ауданына қарасты Тұран шағын ауданында орналасқан. Әлеуметтік санаттағы пәтерлер 3-4 жайлылық класына сәйкес келеді. Ал олардың ең үлкен ауданы 73 шаршы метрге дейін қамтамасыз етілген. Аталған пәтерлердің құрылыс жұмыстарын “МК-ТІМЕ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) сәтті атқарып шықты.
Айта кететін жайт, осы жылы 2274 пәтерді несиелік бағытта тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға беру жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда жоғарыда аталған мақсатта 304 азаматқа пәтер беріліп, олардың отбасылары үшін жаңа тұрмыс жағдайлары жасалуда. Бұл әлеуметтік бағыттағы тұрғын үй жобалары тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қаланың тұрғын үй қорын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Жалпы алғанда, Шымкент қаласы тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту мақсатында арендалық баспана, ипотекалық несиелендіру, сондай-ақ жаңадан салынған үйлерді пайдалануға беру арқылы тұрғын үй қорын тиімді пайдалану жалғасуда.