Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет жобасының теңгерімді және еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму талаптарына сай екенін айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бюджеттік шығыстардың тиімділігін арттыру және бюджеттің кірісін одан әрі ұлғайту жөніндегі жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Президент бюджетті жоспарлаудың барлық кезеңдерінде шығыстарды оңтайландыруға, Есеп комитетімен өзара тығыз ықпалдастық орнатуға, сондай-ақ негізсіз имидждік және консалтингтік шығындарды қысқартуға шақырды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Үкіметке бюджет үдерісіне бақылауды күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, бюджет әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан барынша тиімді әрі маңызды жобаларды қаржыландыруы тиіс, — деген болатын.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен Шымкент қаласының әкімшілік ғимаратында сегізінші шақырылымда қала мәслихатының кезектен тыс он тоғызыншы сессиясы өтті.
Сессия отырысының күн тәртібінде 2024 – 2026 жылдарға арналған қала бюджетін нақтылау, абаттандыру мәселелері қаралды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев бірінші мәселе бойынша баяндама жасады.
Қала бюджетін нақтылау барысында бюджет көлемін 30 млрд теңгеге ұлғайту ұсынылды. Бірінші кезекте халықтың өзекті мәселелерін шешетін шығындарға басымдық берілдетін болады. Жалпы нақтылау нәтижесінде, мегаполис бюджетінің көлемі қазіргі 735 млрд теңгеден 764 млрд теңгеге дейін артатын болады.
Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Оңғар Әбілхайыр қала аумағын абаттандыру бойынша экологиялық қолайлы және тартымды орта құру бағытындағы жұмыстардың қағидасын бекітуді ұсынды. Депутаттар күн тәртібіндегі мәселелерді қарап, маңызды шешімдер қабылданды.
Сессия соңында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков мәслихат депутаттарын өзекті мәселелерді шешуде азаматтармен кездесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды бірлесе атқаруға шақырып, қаланың әрі қарай өркендеуіне ықпал етер шешімдерге қолдау білдіргені үшін мәслихат мүшелеріне алғысын жеткізді.