Шымкент қаласы бойынша экология департаментінің басшысы Қозыбаев Ермахан Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында департаменттің 8 айдағы жұмысы туралы есеп берді. Брифинг барысында экологиялық бақылау, су ресурстарының сапасы және ауаның ластануын қадағалау бойынша маңызды нәтижелер жарияланды.
Экология департаменті 2024 жылы 52 мемлекеттік қызмет көрсетіп, I санаттағы объектілерге экологиялық рұқсат беруге ерекше назар аударды. Жыл басынан бері 7 экологиялық рұқсат беріліп, 6 өтініш кері қайтарылды. Сонымен қатар, қоршаған ортаға әсерді бағалау нәтижесінде 5 оң қорытынды берілді, ал 4 өтінішке бас тартылды.
Шымкент қаласы бойынша экология департаменті қоршаған ортаны қорғау саласында белсенді жұмыс атқарып, қаланың экологиялық ахуалын бақылауда ұстауда. Департаменттің негізгі міндеті – қала тұрғындарының арыз-шағымдарын қарау және әлеуметтік желілердегі экологияға қатысты жарияланымдарға назар аудару.
Департамент осы жылдың 8 айында 23 тексеру жүргізген. Оның ішінде 7 профилактикалық бақылау, 6 талаптарға сәйкестікті тексеру және 10 жоспардан тыс тексеру орындалды. Бұл тексерулер нәтижесінде жалпы 55 әкімшілік іс қозғалып, 48 іс бойынша 170,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қазіргі уақытта бір іс сот қарауында болса, тағы екі іс Шымкент қалалық Полиция департаментіне жолданған.
Департаменттің хабарлауынша, ең күрделі экологиялық оқиғалардың бірі 2024 жылдың 27 шілдесінде орын алған. «KMG Supple Company» ЖШС-не тиесілі аумақта 5000 қап техникалық күкірт өртеніп, нәтижесінде күкіртсутегі мөлшері ауада қауіпті деңгейге жеткен.
Сонымен қатар, экологиялық заңбұзушылықтарды жою туралы 24 нұсқама беріліп, бірнеше іс сотта қаралуда. Мамандардың айтуынша, қаладағы өндірістік орындар мен тұрғындардың экологиялық нормаларды сақтамауы қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіріп отыр.