Қазіргі кезеңде дәрігерлер халықты алдын алу шараларын сақтауға шақырады. Күзгі-қысқы маусымның басталуы кезеңінде тұмауға қарсы вакцинацияның маңызы басым болып табылады. Осы орайда, Үшінші мегаполисте бірқатар қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл кезеңнің эпидемиялық маусым ретінде ерекшеленуі тұмаудың жедел жұқпалы вирустық ауру екендігіне байланысты. Инфекцияның таралуы, негізінен, ауа тамшылары арқылы жүреді. Науқас жөтелгенде немесе түшкіргенде сілекей мен шырыштың ұсақ микробөлшектері ауаға таралып, айналасындағы адамдарға жұғады.
Биылғы жылдың басынан осы кезеңге дейін Шымкент қаласында ЖРВИ аурушаңдығы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,15%-ға төмендеді. Алайда, тұмау көрсеткіші 1,66 есеге өсіп, эпидемиологиялық жағдай нашарлады. 2023-2024 жылдың эпидемиологиялық маусымында (қазаннан сәуірге дейін) тұмаудың 138 жағдайы А (H3N2) түрімен, ал 1 жағдайы В түрімен тіркелді. Өткен маусымда А (H3N2) бойынша 3, ал В түрімен 103 жағдай анықталған болатын. Сырқаттанушылық 1,3 есеге өскен, ал ауруға шалдыққандардың 33%-ы – 14 жасқа дейінгі балалар.
ЖРВИ ішінде тұмаудан басқа вирустар биылғы эпидемиологиялық маусымда 16 рет, ал өткен маусымда 20 рет анықталды.
Медициналық мекемелерде ЖРВИ, тұмау және COVID-19-ға қарсы алдын алу шаралары күшейтілді. 1 қыркүйектен бастап барлық мекемелер вакцинация науқанына дайындықты аяқтап, медицина қызметкерлері бетперде режиміне көшті. 15 қыркүйектен бастап осал топтарға тұмауға қарсы тегін вакцинациялау жүргізілуде. Сонымен қатар, кіреберістерде ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастарды анықтауға арналған арнайы сүзгілер ұйымдастырылып, мекемелерде дезинфекциялық және температуралық режимдер күшейтілді.