Шымкент қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көрсетілетін қолдау жылдан жылға артып келеді. Қазіргі уақытта қалада 41 544 мүгедектігі бар азамат тіркелген. Олардың ішінде 4 614-і бірінші топтағы, 15 455-і екінші топтағы, 13 505-і үшінші топтағы адамдар, сондай-ақ 18 жасқа дейінгі 7 970 бала бар. Бұл санаттағы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін мемлекет тарапынан көптеген шаралар жүзеге асырылуда, оның ішінде қажетті медициналық құрылғылар мен жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде.
2024 жылдың басынан бері ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды оңалту үшін 45 681 өтінім қабылданып, олардың 37 970-і (82,5%) орындалды. Протездік-ортопедиялық құралдарға қатысты 8 203 өтінім түсіп, 6 147 азаматқа қажетті құралдар берілді. Сонымен қатар, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар үшін 20 779 өтінім тіркеліп, 19 012 азаматтың қажеттілігі толық өтелді. Тірек-қимыл аппараты бұзылған азаматтар үшін 1 347 өтінім қабылданып, олардың 1 197-іне арба берілді.
Жеке көмекшінің, ымдау тілін үйретуші мамандардың қызметіне 2 901 азамат сұраныс білдіріп, олардың 2 863-іне тиісті көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, шипажайда сауықтыру емі үшін 8 471 адамға жолдама берілді. Бұл шаралар мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығын жақсартуға және өмір сапасын арттыруға үлкен көмек көрсетеді. Мүгедектігі бар азаматтар әлеуметтік қолдау құралдарын алу үшін арнайы әлеуметтік портал арқылы өтініш бере алады. Сонымен қатар, Бәйтереков көшесіндегі басқарма ғимаратында өз-өзіне қызмет көрсету бұрышы ұйымдастырылған, мұнда тұрғындар портал арқылы өздеріне қажетті құрылғыларды таңдап, өтініш бере алады. Бұл қызметтер ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың тұрмыстық жағдайларын жеңілдетуге және оларды қоғаммен интеграциялауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.