Жеңістің 80 жылдығына орай Шымкент қаласындағы тарихи ескерткіштерді жаңарту және тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл игі бастаманың мақсаты — соғыс ардагерлерінің ерлігіне тағзым ету, жауынгерлік даңқты дәріптеу және ескерткіштердің сәулеттік келбетін сақтау. Осындай маңызды шаралардың бірі Абай саябағындағы Даңқ мемориалында өтті.
Бұл мемориал — Екінші дүниежүзілік соғыста опат болған шымкенттік жауынгерлерге арналған қасиетті орын. Мұнда майданнан оралмаған мыңдаған боздақтың есімі қашалып жазылған мәрмәр тақталар орнатылған. Бұл — ұлт жадындағы өшпес рухтың символы.
Тазалық жұмыстарына «Алем Энерго» ЖШС қызметкерлері мен 40-қа жуық ерікті жас қатысып, мемориалды мұқият тазалауға атсалысты. Іс-шара барысында Шымкент қалалық жайлы орта басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Абдрахманов сөз сөйлеп, ескерткіштерді жаңарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың маңызына тоқталды.
– Шымкент қаласында 50-ге жуық ескерткіш бар. Жеңістің 80 жылдығына байланысты олардың барлығына кезең-кезеңімен реконструкция жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда жазулар жаңартылып, гранит беттері полировкадан өтті. Осы мақсатқа бюджеттен 125 миллион теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 632 шаршы метр керамогранит төселіп, жарық шамдар жаңартылды. Абай саябағындағы мемориал да назардан тыс қалмады. Мұнда 250-300 шаршы метр гранит ауыстырылып, жазу тақталары жаңартылды, бояу-сырлау жұмыстары толық аяқталды, – деді ол.
Мемориалды абаттандыру жұмысына қатысқан жастардың белсенділігі де ерекше атап өтілді. Жастар ресурстық орталығының жастар саясатын жүзеге асыру және стратегия бөлімінің басшысы Арайлым Әлім жастардың осындай шараларға қатысуы — олардың елге деген құрметі мен рухани тәрбиесінің көрінісі екенін айтты.
– Біз бұл арқылы жастарды тек сенбілікке ғана емес, тарихты қадірлеуге, ерлікті ұлықтауға, ұлт жадына құрметпен қарауға баулимыз. Мұндай шаралар ұрпақ пен өткеннің арасындағы алтын көпір іспетті. Бұл — рухани сабақ, – деді Арайлым Әлім.
Жеңіс күніне дейін қаладағы барлық ескерткіштер мен мемориалдарда абаттандыру және тазалау жұмыстары толық аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл — бүгінгі ұрпақтың кешегі ерлікке тағзымы мен болашаққа деген жауапкершілігінің нақты көрінісі.