Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бастау алған болатын. Бүгінде бұл жоба аясында Шымкент қаласында «Жаңа Тұрлан» шағын ауданында мектеп салынып жатыр.
Шымкент қаласының білім басқармасының мәліметіне сәйкес, 900 бала №55-ші мектептен ауысқалы отыр. 1-ші сыныпқа қабылданатын оқушылар тағы бар. 1200 орынға арналған мектеп ғимараты жоспар бойынша жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі.
Бүгінде мегаполисте 18 жайлы мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 12 мектептің құрылысы биыл бітеді деп күтілуде. Нысандардың басым бөлігінде бетон жұмыстары аяқталып, мектептердің қаңқасы тұрғызылған. Қазір ішін әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары жүргізіліп, инженерлік желілерді тарту мен ауланы абаттандыру істері де қолға алынған. Осы жылдың 1-ші қыркүйегіне 9 нысанды пайдалануға беру жоспарланған. Қалған мектептер желтоқсан айында халық игілігіне тапсырылады. Бұл 17300 оқушы орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша мегаполистегі мектеп тапшылығы едәуір азаяды. Аталған мақсатқа жету үшін жайлы мектептердің құрылыс алаңында жұмыс екі ауысымда қарқынды жүргізілуде.
«Жайлы мектеп» аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі — оның жабдықталуында. Мамандардың айтуынша, бастауыш және жоғары сыныптарға арналған бөлек блоктар, трансформер-мобильді парталар, трансформациялау мүмкіндігі бар әмбебап акт залы, балаларға арналған жеке шкафтар, оқу-зертханалық құрылғылар, ауыз су бұрқақтары орнатылып, Wi-Fi және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылмақ. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар болады.