2025 жылға дейін жалғасатын ауқымды «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы 1 маусымнан бастап Шымкент қаласында белсенді түрде жүзеге асырылуда. Іс-шараның басты мақсаты — есірткіге қарсы құқықтық сана қалыптастыру, есірткі айналымына жол бермеу, заңсыз өсірілетін құрамында есірткі бар өсімдіктерді анықтап, жою, сондай-ақ есірткі тасымалы мен сатылымына тосқауыл қою.
Іс-шара шеңберінде Полиция департаменті мен мүдделі мемлекеттік құрылымдар ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметін әшкерелеу, есірткіге тәуелді азаматтарды ерте кезеңде анықтау, оларды емдеу мен оңалтуға жол ашу бойынша кешенді жұмыстар атқаруда. Бұл бағытта құқық қорғау органдары жастар арасында түсіндіру жұмыстарын, профилактикалық кездесулер мен ақпараттық акциялар ұйымдастыруда.
Қоғамда жалған ақпарат пен бұқаралық санаға манипуляция жасау арқылы есірткіні насихаттау фактілері де аз емес. Сондықтан полиция бұл бағытта цифрлық алаңда да белсенді күрес жүргізіп келеді. Әлеуметтік желілерде таралатын жалған ұсыныстар мен «қауіпсіз өнім» деген бүркемелі жарнамалар – шын мәнінде жасөспірімдерді және әлсіз әлеуметтік топтарды есірткіге итермелеудің амалы. Бұл да құқықтық тұрғыда қатаң жазаланады.
Сонымен қатар, есірткі бизнесі жиі интернет-алаяқтық, қаржылық пирамида құру және ойынқұмарлықпен (лудоманиямен) де сабақтасып жатады. Мұндай қылмыстық схемалар азаматтардың психикасы мен материалдық жағдайына кері әсер етіп, тіпті суицидтік күйзеліс жағдайларына дейін алып келуі мүмкін. Бұл мәселелердің алдын алу үшін Шымкент қаласының құзырлы органдары ақпараттық қауіпсіздік пен құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтуде.
Шымкент қалалық Полиция департаменті есірткімен күрес — барша қоғамның міндеті екенін айта отырып, тұрғындарды кез келген күмәнді әрекет туралы «102» нөміріне немесе жергілікті учаскелік инспекторға жедел хабарлауға шақырады. Сонымен қатар, ведомство ҚР Қылмыстық кодексінің 296, 297, 300-баптарына сәйкес, есірткі заттарын заңсыз сақтау, тасымалдау немесе өсіру қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін ескертеді.
Сондай-ақ, жабайы өсетін сора мен өз бетінше еккен есірткілік өсімдіктерді жоюға шара қолданбаған жеке тұлғалар ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 385-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Құқықтық сананы арттыру – тек есірткіге қарсы күрес саласында емес, жалпы азаматтардың өмір сапасын, қауіпсіздігін, психологиялық әл-ауқатын қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Қоғам болып заңды білуге, құрметтеуге және бұзбауға ұмтылсақ, қауіпсіз болашағымыздың берік іргесі қаланады.