Пекинде қысқы олимпиада ойындары өтіп жатқанда Қытайдың мемлекеттік медиасы саяси лагерьлерімен әлемге танылған Шыңжаң өлкесін «қысқы спорты қарқынды дамып келе жатқан аймақ» ретінде көрсетіп жатыр. Сарапшылар бұл Пекиннің көзбояуы әрі әлемді алдауы дейді.
ҚЫТАЙ МЕДИАСЫНЫҢ РИТОРИКАСЫ
Қытайдың мемлекеттік медиасы Шыңжаңда қысқы спорттан «бум» болып, мұсылмандар тұратын өлкеде қымбат тау-шаңғы базалары көп салынғанын айтып мақтанып жатыр.
Мәселен, Қытай билігінің Синьхуа ақпараттық агенттігі жариялаған видеода өзін Шығыс деп таныстырған қазақ бір баласының шаңғы спортымен айналысып жүргенін айтады. Видеода Алтай аймағындағы Көктоғай шаңғы курортында шаңғы теуіп жүрген көп адам көрсетіледі және өлкеде шаңғы, сноуборд спортымен айналысуға барлық жағдай жасалғаны да айтылады.
Синьхуа агенттігі тағы бір видеосында Шыңжаңда ұйғыр бапкер аз ұлт өкілдерінен шыққан балаларды шорт-тректен жаттықтырып жүргені көрсетіледі. Жаттықтырушы «Шыңжаңда көп адам шорт-трекпен айналысып, Шыңжаң мен туған еліміздің даңғын шығарады деп үміттенемін» дейді.
СGTN телеарнасы да сюжетінде Шыңжаңдағы тау-шаңғы курорттарын көрсетті. Қытай медиалары Алтай аймағын адам баласы алғаш шаңғы тепкен жері ретінде айтады және осы өлкедегі тауларға қашалған ежелгі петроглифтерді оған дәлел ретінде ұсынады.
«ТҰРҒЫНДАРЫ ДІЛІНЕН АЙЫРЫЛҒАН ДИСНЕЙЛЕНДТІҢ ТҮРІ»
Франциялық AFP агенттігі де Қытай медиасында Шыңжаңды қысқы спорттың орталығы ретінде көрсетіле бастағанына басты назар аударған.
«Пекин қысым көріп жатқан Шыңжаңды қысқы спорттың жұмағы ретінде «сатпақ». Мемлекеттік медиалар Шыңжаңның шалғайдағы елдімекенінде тұратындардың мұзда жүргенін, аз ұлттардан шыққан жасөспірім спортшыларды көрсетіп жатыр. Ұйғыр блогер Шыңжаңдағы «бақытты әлі көрсе көз тоятын» шаңғы паркі жайлы видео жасаған» деп жазады франциялық агенттік.
AFP агенттігінің мәліметінше, Қытайдың коммунистік билігі қысқы спортқа қажетті инфраструктура салу үшін 157 млрд доллар жұмсамақ. Бұл қаржыдан Шыңжаңға да бөлінеді.
«2015 жылы Қытай қысқы олимпиаданы өткізу құқығын жеңіп алған соң елде тау-шаңғы курорттары төрт есе көбейген. Бір Шыңжаңның өзінде 82 шаңғы курорты салынған» деп жазады AFP.
Халықаралық Human Rights Watch адам құқығы қорғау ұйымының өкілі Майя Ван AFP агенттігіне берген комментарийінде «Қытай үкіметі Шыңжаңдағы туризмді алға жылжыту арқылы бұл өлкені тұрғындары ділі мен еркін ойынан айырылған Диснейландтың бір түріне айналдырмақ. Мұндағы туристердің демалысын билік қолдан ұйымдастырып, бақылайды» дейді.