Шымкент қаласында қала прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығымен «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынның негізгі мақсаты – құқықтық сананы көтеру, ақпараттық қауіпсіздік деңгейін арттыру және жастарды әлеуметтік қауіпті құбылыстардан қорғау мәселелерін жүйелі түрде қарастыру болды.
Отырысқа құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, бизнес қауымдастығы, білім беру мекемелерінің директорлары, ЖОО ректорлары, ата-аналар комитеттерінің жетекшілері, мектеп оқушылары мен қаланың жетекші имамдары қатысып, ортақ мәселелер бойынша пікір алмасты. Мұндай түрлі бағыттағы мамандардың бір алаңға жиналуы – Шымкентте құқықтық мәдениетті нығайту мен жалған ақпаратқа қарсы тұрудың кешенді тәсілін қалыптастырудың маңызды қадамы.
Кеңес жұмысы екі негізгі бағытта өрбіді.
Бірінші бөлімде – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды. Қала прокуроры соңғы жылдары заңсыз есірткі жарнамаларын жою, нашақорлыққа бейім тұлғаларды профилактикалық есепке алу және қылмыстық істерді тергеу әдістерін жетілдіру бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгенін атап өтті. Алайда қылмыстық орта бұдан да тез өзгеріп, интернет кеңістігі есірткі айналымының басты алаңына айналғанын айтты.
Қазіргі таңда есірткі таратудың жаңа тәсілдері жасырын онлайн-платформалар, криптожелілер және шетелден басқарылады. Бұл жағдай дәстүрлі әдістердің тиімділігін төмендетеді және құқық қорғау жұмысына мүлде жаңа талап қояды. Осы себепті цифрлық технологияларды құқық қорғау практикасына кеңінен енгізу – уақыт талабы. Прокурор талдау және мониторинг жүргізетін заманауи платформаларды қолдану, қаржы операцияларын бақылау, виртуалды есірткі нарығын дер кезінде анықтау заңсыз әрекеттердің алдын алуға мүмкіндік беретінін ерекше атап өтті.
Цифрлық ортада таралатын фейк ақпараттар мен жалған жарнамалар да айтарлықтай қауіп төндіреді. Жастар жиі тұтынатын әлеуметтік желілерде есірткіге қатысты манипуляциялық контент, жасырын чаттар және жалған ақпараттар көбейіп келеді. Сондықтан шынайы және жалған мәліметті ажырату дағдысын қалыптастыру – құқықтық сана деңгейін көтерудің негізгі элементі.
Кеңес барысында мектептер мен ЖОО-ларда ақпараттық қауіпсіздік сабақтарын көбейту, ата-аналармен кері байланыс жүйесін күшейту, имамдар арқылы жастарға діни-ағартушылық бағытта түсіндіру жұмыстарын жүргізу ұсынылды.
Шымкент қаласында құқықтық мәдениетті нығайту – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Жалған ақпаратқа қарсы иммунитет қалыптастыру, жастарды әлеуметтік қатерден қорғау және цифрлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады.
