My CMS
Аймақ Соңғы жаңалықтар Қоғам

ҚҰҚЫҚТЫҚ САНА ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗ ҚАЛА: ЕСІРТКІСІЗ БОЛАШАҚ ЖОЛЫНДА

Шымкент қаласында «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында құқықтық сананы арттыру және есірткі қылмысына қарсы күресті күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Полиция департаментінің деректеріне сәйкес, биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша есірткіге қатысты 443 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Бұл көрсеткіш құқық қорғау органдарының есірткі айналымына қарсы іс-қимылының белсенділігін көрсетеді.

Аталған құқықбұзушылықтардың ішінде 79 дерек – есірткіні сату, 14 дерек – аса ірі мөлшерде сақтау, 32 дерек – есірткі өсімдіктерін егіп-өсіру, 5 дерек – есірткіні жарнамалау және насихаттау, сондай-ақ 310 дерек – есірткіге қатысты өзге де құқықбұзушылықтар ретінде тіркелген. Бұл бағытта полицейлердің алдын алу және жедел іс-шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді.

Заңсыз айналымнан 350 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 30 килограмға жуығы синтетикалық есірткілер. Бұл деректер синтетикалық заттардың кең таралу қаупінің әлі де жоғары екенін көрсетеді.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы Полиция департаменті киберкеңістіктегі есірткі жарнамасына қарсы күресті де күшейтті. Мониторинг нәтижесінде есірткі саудасына және оны насихаттауға қатысы бар 1628 интернет сайт, әлеуметтік желі парақшалары мен мессенджерлік каналдар анықталып, бұғаттау үшін тиісті органдарға жолданған.

Полиция қызметкерлері интернет алаяқтар мен есірткі таратушылардың есептік шоттарын да бақылауға алды. 1710 банк шоты анықталып, барлығы бұғатталды. Нәтижесінде 47 миллион теңге көлеміндегі заңсыз қаражаттың айналымына шектеу қойылды.

Шымкент қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, мұндай шаралар тек қылмыстық жолмен табылған кірістерді шектеу ғана емес, сонымен қатар қоғамның қауіпсіздігі мен жастардың болашағын қорғауға бағытталған.

Құқық қорғау органдарының өкілдері тұрғындарды күдікті жағдайлар мен есірткі саудасына қатысты ақпараттарды жасырмай, дереу полицияға хабарлауға шақырады. Бұл қоғамның әр мүшесінің азаматтық жауапкершілігін арттырып, бірлескен қауіпсіз ортаны қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Есірткімен күрес тек полицияның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Осы ретте Шымкент қаласы бойынша мектептер мен жоғары оқу орындарында, жастар ұйымдарында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

«Заң мен Тәртіп» қағидаты – қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Шымкент қаласы Полиция департаменті бұл бағыттағы іс-шараларын алдағы уақытта да жалғастыра отырып, есірткі қылмысына нөлдік төзімділік қағидасын берік ұстанатынын мәлімдеді.

Қатысты жаңалықтар

ЕРЕКШЕ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР АЗАМАТТАР ҮШІН ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЕНГІЗІЛДІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

«ЕЛДІКТІҢ СУРЕТКЕРІ» БАЙҚАУЫ ӨТКІЗІЛДІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

ШАЛҒАЙЛЫҚ ТҰРҒЫНДАР АРАСЫНДА СПОРТТЫҚ САЙЫС БАСТАЛДЫ

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз