Шымкент қаласында құқықтық сананы арттыру, тұрғындардың құқықтық мәдениетін нығайту және жалған ақпаратқа қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында Тұран ауданында «Зан мен тәртіп» қағидасы аясында «Құқықтық дәріхана» акциясы ұйымдастырылды. Бұл шара қоғамдағы құқықтық сауаттылықты көтеруге бағытталған ең тиімді ашық алаңдардың бірі болып отыр.
Акцияның негізгі мақсаты – қала тұрғындарына жедел әрі қолжетімді заңгерлік көмек көрсету, азаматтардың түрлі құқықтық мәселелер бойынша білікті мамандардан кеңес алуына мүмкіндік туғызу. Сонымен қатар, құқықтық сананы күшейту, халық пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайту, құқықтық сауатсыздықтан туындайтын келеңсіздіктердің алдын алу да іс-шараның басты міндеттерінің бірі.
«Құқықтық дәріхана» акциясы қала тұрғындары көп жиналатын «Баян-сұлу» сауда орталығында өтті. Бұл формат кездейсоқ таңдалмаған: халыққа ыңғайлы ортада заңгерлер мен құқық қорғау саласының мамандарына тікелей жолығу мүмкіндігі азаматтардың сенімін арттырып, құқықтық кеңес алуды барынша жеңілдетті.
Акция барысында 70-тен астам қала тұрғыны өздерінің жеке мәселелерімен жүгінді. Оларға отбасы құқығы, тұрғын үй мәселелері, жер қатынастары, әлеуметтік көмек, электрондық үкімет қызметтерін пайдалану, интернеттегі алаяқтықтан қорғану, жалған ақпаратты тану сияқты күнделікті тұрмыста жиі кездесетін құқықтық тақырыптар бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Әсіресе цифрлық кеңістікте таралып жатқан фейк ақпараттар, жалған SMS хабарламалар және онлайн алаяқтықтың жаңа әдістері туралы кеңестер тұрғындар тарапынан ерекше қызығушылық тудырды.
Шара мамандары азаматтарға жалған ақпаратты анықтау алгоритмдерін, күмәнді дереккөздерге сенбеу, ресми органдардың байланыс арналарын пайдалану, әрбір құқықтық шешімнің салдарын бағалау сияқты практикалық ұсыныстар берді. Бұл қадамдар Шымкент қаласында ақпараттық мәдениетті қалыптастырып, құқықтық сананың деңгейін көтеруде маңызды рөл атқарады.
«Құқықтық дәріхана» тұрғындарға құқықтық қолдау көрсетіп қана қоймай, оларды жауапкершілікке, өз құқықтары мен міндеттерін білуге, заңсыз әрекеттерге жол бермеуге шақыратын тиімді алаңға айналды. Мұндай акциялар қаладағы құқықтық тәртіпті күшейтумен қатар, қоғамды жалған ақпараттың зиянынан қорғауға да ықпал етеді.
Шымкентте құқықтық сауатты азаматтық қоғам қалыптастыру – ортақ міндет. Сондықтан «Құқықтық дәріхана» секілді ашық форматтағы шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.
