Бүгінгі таңда Шымкент қаласында зейнетақы мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылардың саны — 205 000 астам азаматты құраған. Азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсетудің 16 түрі бойынша қызметтер көрсетілуде дейді, бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Тұңғышбаев Руслан Кәрібайұлы баяндады.
2024 жылдың I жарты жылында жаңадан тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылардың және қайта қаралған төлемдердің саны – 74191 құрайды. Жаңадан тағайындалған зейнетақы мен жәрдемақылар саны – 43643, қайта қаралған зейнетақы мен жәрдемақылар саны –30548. Есеп беру кезеңінде 59 өтініш бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден және 668 мемлекеттік кепілдік төлеуден бас тартылған. Зейнетақылар мен жәрдемақыларды тағайындау Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiне сәйкес жүзеге асырылып, есеп беру кезеңiнде мемлекеттiк қызмет көрсету мерзiмдерiн бұзу және заңсыз тағайындалған төлемдер жоқ.
Мүгедектік – бұл көп факторлы медициналық, әлеуметтік, экономикалық, демографиялық және құқықтық өзекті мәселе. Мүгедектік, ұлт денсаулығы мен елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің көрсеткіші ғана емес, сонымен бірге мемлекет пен үкіметтің әлеуметтік саясатының көрсеткіші болып табылады.
2024 жылғы 6 айға МӘС бөлімдері жалпы 7775 адамға мемлекеттік қызмет көрсетті. Оның ішінде, алғашқы рет куәландырылғаны 1642 адам, қайта куәландырылғаны 5493 адам, негізсіз жолданғандары – 95(325). Алғаш куәландырылған қызмет алушылар арасынан 1555 (1412) адамға мүгедектік тағайындалған яғни, өткен жылмен салыстырғанда 143 адамға көбейген. Алғаш мүгедек деп танылғандар ішінен, ересектері 1036 адам, пайыздық үлесі 66,6%, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар — 519 бала, пайыздық үлесі — 33,3% құрайды.