Соңғы жылдары елімізде қаржы пирамидаларының белең алуы қоғам үшін өте өзекті мәселеге айналды. «Жылдам табыс», «инвестициядан мол пайда» деген жалған уәделерге сенген көптеген азамат қомақты қаржысынан айырылып, алаяқтардың құрбанына айналып жатыр. Бұл құбылыстың ауқымы Қазақстанның барлық өңіріне тән, оның ішінде халқы тығыз орналасқан Шымкент қаласында да алаңдатарлық жағдай байқалады. Қаржы мониторингі агенттігі 2025 жылғы деректерін жариялағаннан кейін, мемлекет алаяқтық схемалармен күресті күшейтіп, нақты нәтижелерге қол жеткізіп келе жатқаны анық көрінді. Осы мәселенің Шымкенттегі көрінісін тереңірек талдап көрелік.
Ел көлеміндегі жұмыстар қалай жүруде?
2025 жылдың алғашқы алты айында қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтыққа қарсы кешенді шаралар айтарлықтай күшейтілді. Ресми ақпаратқа сүйенсек:
7 мыңнан астам күмәнді сайт бұғатталды;
Instagram және Telegram платформаларында ұйымдастырылған 43 заңсыз чаттың қызметі тоқтатылды, олардың аудиториясы 276 мың адамды құраған;
36 қаржы пирамидасының қызметі әшкереленіп, 86 мыңнан астам азамат зардап шеккені анықталды;
12,5 млрд теңгені өтету мақсатында қозғалған 46 қылмыстық іс аясында ұйымдастырушылардың мүлкіне тыйым салынды.
2021 жылдан бастап 100-ден астам пирамида жойылып, 227 ұйымдастырушы сотталып үлгерді. Халықтың қаржылық қауіпсіздігін арттыру үшін “Baiqa, piramida!” Telegram-боты іске қосылды, ол кез келген инвестициялық жобаның заңдылығын тексеруге мүмкіндік береді.
Шымкенттегі жағдай
Шымкент қаласында да соңғы жылдары бірнеше ірі алаяқтық іс тіркелді. Соның ішінде “Ansar Gold” деп аталған жалған инвестициялық жобаға қатысты материалдар қоғамда кең талқыланды. Тек Шымкенттің өзінде 200-ден астам адам осы жобаға ақша салып, жалпы 400 миллион теңгеден астам қаражаттан айырылған. Ұйымдастырушылар алтын нарығына инвестиция саламыз деп алдап соққан.
2024 жылы қала аумағында 450-ден астам алаяқтық сайт пен чат бұғатталды. Telegram және WhatsApp-та ашылған 10-нан астам күмәнді топ анықталып, қызметі тоқтатылды. Бұл бағыттағы жұмыстарға Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Кибербақылау бөлімшесі белсенді түрде атсалысып келеді.
Сонымен бірге Шымкент қалалық әкімдігі ресми әлеуметтік желілер арқылы кең көлемді ақпараттық кампания жүргізді.
15 түсіндірме бейнеролик жарияланып, қаржы пирамидаларының белгілері мен алдын алу жолдары егжей-тегжейлі түсіндірілді;
30-дан астам инфопост пен графикалық материал дайындалды.
Жалпы ақпараттық контент 150 мыңнан астам қаралым жинап, тұрғындардың бұл мәселеге деген жоғары қызығушылығын көрсетті.
Жастар белсенділігі жоғары TikTok алаңында да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жергілікті блогерлер мен медиа-мамандар “Baiqa, piramida!” ботын пайдалану жолын видеоформатта түсіндіріп, пирамидалық схемалардың механизмін қарапайым тілмен жеткізді. Бұл роликтер 10 мыңға жуық қаралым жинап, студент жастар арасында кеңінен тарады.
Халыққа көрсетіліп жатқан көмек
Қаржылық алаяқтықпен күрес тек құқық қорғау саласының жұмысы емес, оған қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері мен діни орталықтар да атсалысып отыр.
Қаладағы ірі мешіттер жұма уағыздарында қаржылық сауаттылық пен алаяқтықтан сақтану тақырыбын тұрақты көтеріп келеді;
Қажымұқан атындағы стадиондағы LED-экрандарда арнайы бейнероликтер көрсетіліп жатыр;
Мектептер мен колледждерде қаржылық сауаттылық сабақтары, олимпиадалар және оқушылар арасында эссе, бейнеролик байқаулары өткізілді.
Бұл шаралардың барлығы тұрғындардың ақпараттық иммунитетін арттыруға бағытталған.
Не істеу қажет?
Қаржы пирамидаларына қарсы ең тиімді қорғаныс — халықтың қырағылығы мен қаржылық сауаттылығы. “Тез табыс”, “ақшаң бір аптада еселенеді” деген ұсыныстардан бірден күдіктену қажет. Кез келген инвестициялық жобаны “Baiqa, piramida!” Telegram-боты арқылы тексеру — ең қарапайым әрі сенімді әдіс.
Шымкент тұрғындарына ұсынылатын кеңес: күмәнді жобаға қаражат салмас бұрын Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне немесе ресми органдарға жүгінген дұрыс.
Қалада қаржы пирамидаларына қарсы жүйелі жұмыс жүріп жатыр, бірақ қауіптің толық жойылуы халықтың өз жауапкершілігіне де байланысты. Ақшаңызға абай болыңыз, тексерілмеген жобаларға сенбеңіз, қаржылық сауаттылығыңызды үнемі арттырып жүріңіз.
Қаржылық сауаттылық — әр азаматтың жеке қорғаны және қоғамның экономикалық қауіпсіздігінің негізгі кепілі.
