Қоғамның тұрақтылығы – ел дамуының ең сенімді кепілі. Тарих парақтарына үңілсек, татулық пен өзара құрмет орнықпаған жерде қандай да бір жетістік ұзаққа созылмағанын аңғарамыз. Шын мәнінде, бірлік бар ортада ғана экономика өркендеп, әлеуметтік сала ілгерілеп, мемлекеттің халықаралық беделі арта түседі.
Бүгінгі өзгермелі әлемде ішкі алауыздық салдарынан әлсіреп жатқан мемлекеттер аз емес. Осындай кезеңде Қазақстанның достық пен келісімді мемлекеттік саясаттың басты бағыты ретінде бекітуі – халқымыздың тарихи тәжірибесіне сүйенген көреген шешім.
Қазақ халқы ежелден кеңпейіл, бауырмал, меймандос халық. ХХ ғасырдағы ауыр кезеңдерде сан түрлі этнос өкілдері дәл осы қасиетті жерден пана тауып, жаңа өмірге қадам басты. Бұл тарихи сәт бүгінде ел ішіндегі татулықтың қадірін ұқтырған, ұлттар арасындағы сенімнің мызғымас негізіне айналған рухани сабақ болды.
Тәуелсіз Қазақстанда бүгінде 130-дан астам этнос өкілі ынтымақ пен келісім жағдайында өмір сүріп, ел дамуына үлес қосып келеді. Бұл – достықтың қоғамды тек біріктіріп қана қоймай, мәдениеттерді тоғыстырып, рухани кеңістігімізді байытатынын дәлелдейді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы осы құндылықтарды нығайтуда ерекше рөл атқарады. Әр этностың мәдениетін сақтап, дамуына жағдай жасауымен қатар, елдің бірлігі мен тұрақтылығын сақтау жолында маңызды миссия атқарып келеді. Әлем елдерінің Қазақстан тәжірибесін этносаралық келісімнің бірегей үлгісі ретінде мойындауы – осының айқын дәлелі. #МыВместе #PeaceAndHarmony #PeaceForAll #TogetherForPeace #ҚХА30жыл #АНК30лет #APK30years #АНК #ANK
