17–20 сәуір аралығында Мәскеу қаласында өткен беделді «Серебряная шпага» халықаралық байқауында Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры зор жетістікке қол жеткізді. Театр артистері фехтование өнері бойынша жоғары шеберліктерін көрсетіп, байқау көрермендерінің ерекше ықыласына бөленді.
Сахнада қылыштасу мен тарихи жекпе-жек элементтерін шебер меңгерген Сұлтан Байбол, Төрежан Қадыров және Ернұр Женсікбаев өз өнерлерімен кәсіби қазылар алқасының назарын аударды. Театр ұжымы «Ең үздік сайыс» номинациясын иеленіп, байқаудың Бас жүлдесін жеңіп алды.
Бұл жеңіс — театрдың сахналық шеберлікпен қатар, дене дайындығы мен тарихи рөлдерді сенімді сомдау бағытындағы ізденістерінің нәтижесі. Сонымен қатар, халықаралық сахнада қазақ театрының кәсіби деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеген сәт болды.
«Серебряная шпага» байқауы — сахна өнеріндегі күрделі техникалық бағыттардың бірі саналатын фехтование (қылыштасу) өнерін дәріптейтін бірегей халықаралық жоба. Байқауға түрлі елдерден келген театр труппалары қатысып, тарихи қойылымдардағы жекпе-жек көріністерін сахнада тірілтеді.
Ж.Шанин театрының бұл жетістігі — ұлттық театр өнерінің әлеуетін айқын көрсетіп, халықаралық деңгейдегі байқауларда да жоғары деңгейде өнер көрсетуге қабілетті екендігін дәлелдеді.