Қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі – елдің құқықтық санасы мен заңға құрметіне тікелей байланысты. Шымкент қаласында «Құқықтық сананың деңгейін арттыру» және «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасы аясында есірткі қылмысына қарсы жүйелі іс-қимыл жалғасуда. Полиция департаменті бұл бағытта тек жедел шаралармен шектелмей, құқықтық түсіндіру және алдын алу жұмыстарын да қатар жүргізіп келеді.
Жуырда Шымкент қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлері «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында аса ірі көлемдегі синтетикалық есірткі заттарын тәркіледі. Қаланың әр аумағында арнайы бақылау орнатылып, нәтижесінде синтетикалық «мефедрон» есірткісін таратып жүрген екі шетел азаматы қолға түсті.
Жалға алынған автокөлікті тексеру кезінде полиция қызметкерлері сатуға дайын күйде оралған 22 пакет психотроптық затты тапты. Тергеу барысында күдіктілердің алдын ала дайындап қойған жасырын орындарынан тағы 46 есірткі орамасы табылып, тәркіленді. Барлық заттың жалпы салмағы 200 грамнан астам болды.
Сонымен қатар, аталған іс-шара кезінде Түркістан облысының 20 жастағы тұрғыны ұсталып, оның киімінен шамамен 70 грамм «мефедрон» табылды. Ал қыркүйек айында тағы бір жергілікті тұрғын аса ірі көлемдегі психотроптық заттарды сатпақ болған кезде қолға түсті. Барлық күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Бұл деректер еліміздегі есірткі бизнесінің күрделілігін және оған қарсы күрестің тек күштік емес, құқықтық және әлеуметтік негізде жүргізілуі қажет екенін көрсетеді. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы бойынша есірткі, психотроптық заттарды заңсыз өндіру, сақтау, тасымалдау және өткізу 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасымен жазаланады.
Шымкент қаласы Полиция департаменті азаматтарды мұндай заңсыз әрекеттерге жоламауға, күмәнді жағдайлар мен күдікті тұлғалар туралы дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Бұл – тек полицияның емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі.
Есірткіге қарсы күрес тек жаза арқылы емес, құқықтық сананы арттыру мен жастардың бойында заңға құрметті қалыптастыру арқылы жүзеге асады. Осы мақсатта қаланың білім беру мекемелерінде «Есірткіге жол жоқ» және «Заң мен Тәртіп – өмір қағидасы» атты кездесулер мен семинарлар өтіп, оқушылар мен студенттерге есірткінің зардабы туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Құқықтық мәдениеті жоғары, заңды сыйлайтын қоғамда есірткі бизнесіне де, құқық бұзушылыққа да орын жоқ. Шымкент қаласында жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар – соның дәлелі. Әр азамат заңға бағынған, тәртіпті сақтаған жағдайда ғана қаламызда қауіпсіздік пен тыныштық орнайды.
