Шымкент қаласында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін мемлекеттік гранттар беру» жобасы аясында «Бір ауыл – бір өнім» байқауының финалистері іріктелді. Осы конкурс бойынша өткен арнайы комиссия отырысында 19 кәсіпкер өз жобаларын таныстырып, олардың әлеуметтік және экономикалық тиімділігі бағаланды.
Конкурстың әділдігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында өтінімдер «Kezekte.kz» электронды ақпараттық жүйесі арқылы қабылданып, арнайы комиссия мүшелері іріктеу процесін жүргізді. Комиссия құрамына қалалық мәслихат, қоғамдық ұйымдар, ғылыми-білім беру мекемелері, салалық сарапшылар, аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілдері енді. Осылайша, комиссия әр жобаны жан-жақты бағалап, таңдау процесінің ашықтығына басымдық берді.
Сонымен қатар, комиссия отырысының ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында аудио және бейне жазбалар жүргізіліп, бұл процеске Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы департаментінің және қалалық мәслихаттың арнайы байқаушылары қатысты.
Сондай-ақ, конкурста ерекше жобалар арасынан «Ұлттық нақыштағы жұмсақ ойыншықтармен балаларды таныстыру» жобасы, «Икемді клинкер өндірісі» жобасы және «Тиімді Өріс» сынды бастамалар іріктелініп алынған болатын. Әрбір қатысушы өз идеясын қорғап, жобаның өзектілігі мен әлеуметтік әсерін дәлелдеуге тырысты. Жобалар сарапталып, үздіктерге 5 млн теңгеге дейінгі көлемде мемлекеттік гранттар бөлінеді, бұндай жобалар шағын кәсіпкерлікті дамытуға қолдау болып табылады.