Қазіргі заманда қоғам өмірінің барлық саласы цифрландырумен тығыз байланысты. Бұл үрдіс құқық қорғау саласын да айналып өткен жоқ. Шымкент қаласында тұрғындармен тиімді байланыс орнату, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заманауи коммуникациялық тәсілдер белсенді түрде қолданылуда.
Шымкент қаласы Полиция департаменті учаскелік инспекторлары азаматтармен кері байланысты нығайту үшін мессенджерлерде арнайы чаттар құрған. Бұл чаттар арқылы тұрғындар өз аудандарындағы құқық бұзушылықтар, күмәнді жағдайлар немесе тазалық пен қауіпсіздік мәселелері жөнінде бірден хабар бере алады. Мұндай тәсіл қоғам мен полиция арасындағы сенімді арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастырудың тиімді тетігіне айналып отыр.
Мәселен, Еңбекші ауданында көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің тұрғыны чат арқылы құрылыс қалдықтарының заңсыз тасталғаны туралы хабарлама қалдырған. Бұл ақпаратқа учаскелік инспектор бірден әрекет етіп, құқық бұзушыны анықтады. Оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы (Қалалар мен елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Нәтижесінде тұрғын қалдықтарды арнайы орынға шығарып, аула тазалығы қалпына келтірілді.
Осындай мысалдар – «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасының нақты жүзеге асуының айқын көрінісі. Құқық қорғау органдарының жедел әрекет етуі мен тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымы қаланың қауіпсіздігі мен тәртібін қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері атап өткендей, қазіргі қоғамда құқықтық сананы арттыру тек дәстүрлі әдістермен шектелмей, цифрлық коммуникация құралдарын пайдалану арқылы жүзеге асырылуы қажет. Бұл бағытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер азаматтық бақылаудың жаңа алаңына айналып, тұрғындар өздерінің заң алдындағы жауапкершілігін терең түсіне бастаған.
«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Оның аясында полиция қызметкерлері тұрғын үйлер мен аулаларды аралап, құқық бұзушылықтың алдын алу, құқықтық түсіндіру және сенім орнату бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл – азаматтардың заңға құрметпен қарауын және құқықтық тәртіпті сақтау мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам.
Құқықтық мәдениеті жоғары қоғам – тұрақтылық пен қауіпсіздіктің кепілі. Сондықтан Шымкент қаласында «Құқықтық сананың деңгейін арттыру» бастамасы аясында полиция мен тұрғындардың өзара іс-қимылы жаңа сапалық деңгейге көтерілу үстінде. Заманауи технология мен азаматтық жауапкершілік үйлескен жағдайда ғана заң үстемдігі орнайды.
