Бұрын ірі кәсіпкерліктің дамып, ал шағындар оның шаңына ілесе алмай қалғаны жиі айтылатын. Қазір олай деп шағынатын жөн де, жоба да жоқ. Өйткені кейінгі уақытта мемлекет шағын кәсіпкерліктің дамуына ден қойып отыр. Әсіресе қайтарымсыз гранттар біраз адамның кәсіп бастауына баспалдақ болып келеді.
Өз кәсібін ашып, қыз-келіншектерге тігін саласының қыр-сырын үйретіп, тұрмыста қолданатын көрпе, перде және ұлттық киімдерді тігудің жолымен бөлісіп жүрген грант иегері Жаннұр Лесбекова. Өз кәсібін шағын оқу курсынан бастаған кейіпкеріміз 2023 жылы қайтарымсыз грант қаржысы арқылы өндірістік әлеуетін арттырып, үлкен оқу орталығына айналдырды.
Жаннұр Өскенбайқызы 2000 жылдан бастап 20 жыл бойы Ә.Қастеев атындағы өнер және дизаин колледжінде ұстаздық еткен. Елімізде алғаш рет қайтарымсыз грант беріліп жатқанда көптеген келіншек Ж.Лесбековаға тігін тігуді үйретуін сұрап, сол арқылы бизнес-жоба қорғауға ниетті екенін айтқан. Қыз-келіншектердің ұсынысын қабыл алып, декреттік демалыс кезінде оларға тігіннің әліппесінен бастап, кәсіби маман болуына дейін бар білгенімен бөліскен екен.
Осылайша кейіпкеріміздің шағын оқу орталығы өндірістік деңгейге жеткен соң 2023 жылдың қыркүйегінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен келісім-шарт түзіп, «Дизаин» факультетінің студенттерін өндірістік пәндер бойынша сабақ беретін болып келіскен. Қазір «Жан-Нур» оқу орталығында қаламыздағы қыз-келіншектермен бірге студенттерге де сабақ беріп, тігін түрлерін, киім тігу барысында конструциялау, модельдеу секілді бағыттарды үйретіп жатыр. Одан өзге, құрақ құрау, кесте тігу секіл ұлтымыздың қолөнерінен де сабақ береді.
–Қарапайым мұғалімнен кәсіпкерге, шағын оқу-курсынан өндірістік орталыққа жетуге 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз қаржының көмегімен жеттім. Болашаққа деген жоспарым өте көп. Десе де, жобаларымды жүзеге асыруға демеп жіберген мемлекетімізге рақмет айтамын,- деді кейіпкер.