Құқықтық сананы арттыру – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты құралы. Бүгінде Шымкент қаласында азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін күшейту, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу бағытында нақты шаралар жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – заңсыз сақталған қару-жарақты ерікті түрде тапсыру бойынша өткізіліп жатқан арнайы акция.
Полиция департаментінің бастамасымен өткізіліп жатқан бұл акция – азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етудегі маңызды қадам. Іс-шара барысында тұрғындар өз еркімен тіркелмеген, заңсыз сақталған атыс қаруларын, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды тапсыруға шақырылуда. Қару-жарақты ерікті түрде тапсырған азаматтар, егер олардың әрекеттерінде өзге қылмыстық құрам болмаса, қылмыстық жауапкершіліктен толық босатылады.
Тапсырылған қару түріне және оның техникалық жағдайына байланысты арнайы комиссия шешімімен ақшалай өтемақы төлеу қарастырылған. Бұл – халықты ынталандырумен қатар, заңсыз айналымдағы қарудың қоғам үшін қаншалықты қауіпті екенін түсіндіруге бағытталған нақты шара.
Қоғамда кең тараған жалған ақпарат, интернет-алаяқтық, қаржы пирамидалары және сананы манипуляциялаудың түрлі тәсілдері кейде азаматтарды заңсыз әрекеттерге итермелеуі мүмкін. Осындай жағдайда құқықтық сауаттылық пен нақты ақпараттың маңыздылығы арта түседі. Қаруды заңсыз сақтау – тек қана қылмыс емес, ол айналаңыздағы адамдардың өміріне төнетін нақты қауіп. Сондықтан бұл акция – құқықтық мәдениетті нығайту мен азаматтардың санасында заң үстемдігін қалыптастыруға бағытталған.
Сонымен қатар, бұл бастама құқық қорғау органдары мен халық арасындағы сенім мен әріптестікке негізделген. Тек бірлесе әрекет еткенде ғана біз қару, есірткі, лудомания, суицид пен алаяқтық сынды қауіпті құбылыстардың алдын алып, тыныш, қауіпсіз қоғам қалыптастыра аламыз.
Полиция департаменті тұрғындарды белсенді қатысуға шақыра отырып, кез келген құқық бұзушылық туралы дер кезінде хабарлауға, заңсыз әрекеттерге төзбеушілік танытуға үндейді. Құқықтық сауатты азамат – қауіпсіз қоғамның кепілі.