Шымкент қаласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, есірткі айналымының жолын кесу және азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – есірткі қылмысына қарсы күрес бағытында жүргізілген «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталған ауыр қылмыс.
Шымкент қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел жұмыстардың нәтижесінде, синтетикалық есірткілерді заңсыз тасымалдау және тарату арнасы әшкереленді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, Алматы қаласының тұрғыны қылмыстық ниетпен қала аумағынан жалдамалы пәтер жалдап, онда есірткі заттарын бөлшектеп дайындап, Шымкентке жөнелтіп отырған.
Жедел тексеру кезінде аталған пәтерден жалпы салмағы 6 келіден астам синтетикалық есірткі заты табылып, тәркіленді. Бұл — мыңдаған жастың өмірін улауы мүмкін болатын мөлшер. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Есірткі – тек қана заң бұзушылық емес, ол тұтас бір адамның тағдырын, отбасын, болашағын күйрететін қасірет. Сондықтан полиция органдары халықты кез келген есірткіге қатысты заңсыз әрекеттен аулақ болуға, ондай жағдайға тап болса, дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.
Бұқаралық санаға теріс әсер ететін қауіп-қатерлер тек есірткімен шектелмейді. Қазіргі таңда жалған ақпарат тарату, қаржылық пирамидалар, интернет-алаяқтық, құмар ойындарға тәуелділік (лудомания) және суицид секілді қауіпті құбылыстар белең алуда. Мұның бәрі – халықтың құқықтық сауатсыздығын және ақпараттық қауіпсіздік деңгейінің төмендігін көрсетеді. Осындай жағдайда құқықтық сананы арттыру – әрбір азамат үшін өмірлік маңызы бар қажеттілікке айналып отыр.
Мектеп жасындағы балалар мен жастар арасында есірткіге, ойынқұмарлыққа немесе әлеуметтік желілердегі деструктивті контентке қарсы иммунитетті қалыптастыру үшін жан-жақты құқықтық түсіндіру жұмыстары қажет. Бұл тұрғыда ата-аналар, ұстаздар, БАҚ және құқық қорғау органдары бірлесе әрекет етуі тиіс.
Шымкент қаласының полиция қызметкерлері өз тарапынан тек қылмысты анықтап, тергеп қана қоймай, сондай әрекеттердің алдын алуға, жастарды салауатты өмір салтына баулуға бағытталған кешенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.