Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен қала прокуроры Ғабит Мұқановтың төрағалығымен құқықтық сананы арттыру, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Іс-шараға құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйымдар мен жастар ұйымдарының өкілдері, белсенді студенттер мен кәсіпкерлер қатысты. Жиында құқықтық тәртіпті нығайтуда қоғам мен мемлекеттің күш біріктіруінің маңыздылығы кеңінен сөз болды.
Басқосуда қазіргі замандағы маңызды қауіптер – жалған ақпараттың таралуы, халықтың бұқаралық санасын манипуляциялау, қаржылық пирамидалар мен интернет-алаяқтық, лудомания мен суицидтік мінез-құлықтың алдын алу секілді өзекті мәселелерге ерекше назар аударылды. Қатысушылар аталған қауіптердің жастар мен әлеуметтік әлсіз топтарға кері әсерін ескеріп, құқықтық сауаттылықты арттыру арқылы ғана тиімді тосқауыл қою мүмкін екенін атап өтті.
Прокуратураның бастамасымен іске қосылған «Заң үйірмесі», «Киберпол», «BAIQA SYSTEM», «Кибер-Шериф», «Тазалық сақшылары» сияқты жобалар қоғамдық белсенділік пен ақпараттық қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Бұл бастамалар интернеттегі алаяқтық пен арандатушылыққа қарсы нақты іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді.
«Назарбаев Зияткерлік мектебінің» оқушылары ұйымдастырған құқықтық жобалар жәрмеңкесінде жастар өз көзқарасын ортаға салды. «Жастар көзімен қылмыспен күресу» атты байқауда үздік танылған оқушылар марапатталды. Бұл – құқықтық тәрбиені бала кезден бастау керектігін дәлелдейтін жарқын мысал.
Кеңес аясында мемлекеттік және жекеменшік сектор арасында ынтымақтастықты арттыру мақсатында бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Жаңа ведомствоаралық тетіктер отбасылық зорлық-зомбылық пен киберқылмыстардың алдын алуға бағытталған нақты шараларды қамтиды.
Қала прокуроры Ғабит Мұқанов: «Қауіпсіздік – бұл тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Азаматтардың құқықтық мәдениеті неғұрлым жоғары болса, қоғам соғұрлым тұрақты әрі қауіпсіз болады», – деп атап өтті.
Бұл жиын – Шымкент қаласында құқықтық сананы арттыру жолындағы жүйелі жұмыстың жалғасы. Алдағы уақытта ақпараттық түсіндіру науқандары мен азаматтарды құқықтық біліммен қамту жұмыстары одан әрі кеңейтілетін болады.