My CMS
Соңғы жаңалықтар Экономика

ҚАЗАҚСТАН – ҚЫТАЙДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕДЕ ӨЗ ӘЛЕУЕТІН ТАНЫТТЫ: ЖАҢА СЕРІКТЕСТІК КӨКЖИЕГІ

Қытайдың Сычуань провинциясындағы Чэнду қаласында өтіп жатқан XX Батыс Қытай халықаралық жәрмеңкесі – жаһандық экономикалық ынтымақтастықтың стратегиялық алаңы. 2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан бұл ауқымды іс-шара бүгінде әлемнің жетекші нарықтарын байланыстыратын маңызды көпірге айналды. Биылғы жәрмеңкеге 40-тан астам елден 3 мыңнан астам компания қатысуда. Құрметті меймандардың қатарында Қазақстан делегациясы да бар.

Биылғы жәрмеңке Қазақстан үшін аса маңызды. Бұл – еліміздің сауда-экономикалық әлеуетін паш етіп, экспорттық бағыттарды кеңейтуге, сондай-ақ Қытайдың батыс өңірлерімен инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға берілген нақты мүмкіндік. Қазақстан павильоны 110 шаршы метр аумақта орналасқан. Келушілер мұнда еліміздің экономикалық, индустриялық, экспорттық және логистикалық мүмкіндіктерімен жан-жақты таныса алады.

Қазақстан делегациясын Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастап барды. Оның айтуынша, Қытайдың батыс өңірі, әсіресе Чэнду қаласы орналасқан Сычуань провинциясы, геосаяси және экономикалық тұрғыдан ерекше маңызға ие. Провинция Қытай экономикасында бесінші орынды иеленіп отыр және сауда-саттықтың жаңа қақпасына айналып келеді.

«Қытайдан Еуропаға бағытталған құрлық жолындағы жүктердің 80%-і Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл – еліміздің транзиттік және логистикалық әлеуетінің айқын дәлелі. Тек өткен жылы Сычуань провинциясына Қазақстан экспорты 30%-ке артты. Батыс Қытай жәрмеңкесіне қатысу – біз үшін осы аймақтармен тығыз экономикалық байланыс орнатуға және жаңа инвестициялық жобаларды тартуға таптырмас мүмкіндік», – деді министр Арман Шаққалиев.

Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық әріптестік соңғы жылдары жаңа деңгейге көтерілді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда айналымы 44 миллиард АҚШ долларына жетті. Қазақстан – Қытай үшін стратегиялық шикізат және энергетикалық ресурстар жеткізуші елдердің бірі. Мәселен, елімізде өндірілетін уранның 20%-і Қытайға экспортталады.

Сонымен қатар, екі елді жалғайтын маңызды энергетикалық инфрақұрылым қалыптасқан. Атап айтқанда, Атасу – Алашанькоу мұнай құбыры арқылы жыл сайын Қытайға 15 миллион тонна мұнай жеткізіледі. Ал «Орталық Азия – Қытай» газ құбыры арқылы 10 миллиард текше метр көгілдір отын экспортталады. Бұл – Қазақстанның энергетикалық держава ретіндегі маңызын және Қытаймен өзара байланысының берік екенін көрсетеді.

Сондай-ақ, Қазақстанның Қытай үшін логистикалық маңызы ерекше. Былтыр екі ел арасындағы жүк тасымалы 12 миллион тоннадан асты. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді, өйткені Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы көпір іспетті транзиттік хабқа айналып отыр.

Жәрмеңке 29 мамырға дейін жалғасады. Осы аралықта Қазақстан делегациясы қытайлық және өзге де шетелдік компаниялармен бірқатар келіссөздер жүргізіп, сауда-инвестициялық бағыттағы ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті. Бұл – Қазақстан экономикасының жаңа нарықтарға шығуына, экспорттық әлеуетті күшейтуге және ел имиджін халықаралық деңгейде ілгерілетуге зор мүмкіндік.

Қатысты жаңалықтар

АШМ ЕГІС ЖҰМЫСТАРЫНА ДИЗЕЛЬ ОТЫНЫН ЭЛЕКТРОНДЫҚ БӨЛУДІ ЕНГІЗУДІ ЖОСПАРЛАП ОТЫР

ulanonlinejob_r46y8xlo

«АСАРЛЫҚТАР» ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫНДА БЕЛСЕНДІЛІК ТАНЫТТЫ

ulanonlinejob_r46y8xlo

ҚОРДАЙДАҒЫ КӨЛІК-ЛОГИСТИКАЛЫҚ КЕШЕН – ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫРҒЫЗСТАН АРАСЫНДАҒЫ САУДА БАЙЛАНЫСЫН НЫҒАЙТУДЫҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ

ulanonlinejob_r46y8xlo

Пікір қалдырыңыз