Қазақстанда аквашаруашылық саласын жүйелі түрде дамыту мақсатында жаңа заң жобасы әзірленіп, Парламент Сенатының жалпы отырысында екі оқылымда қаралды. Құжатқа енгізілген бірқатар түзетулер мақұлданып, әрі қарай Мәжіліске жолданды.
Заң жобасында балық өсіретін шаруашылықтарды мемлекеттік қолдауға ерекше мән беріліп отыр. Атап айтқанда, саланы субсидиялау тетіктері қарастырылып, асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту мәселелері нақты көрсетілген. Бұған қоса, аквашаруашылыққа инвестиция салуға ниетті кәсіпкерлерге су айдындарын конкурссыз беру тетіктері көзделуде.
Қазіргі таңда елімізде жыл сайын шамамен 60 мың тонна балық өсіріледі. Алайда бұл көрсеткіш стратегиялық мақсаттарға сәйкес келмейді. Үкімет 2030 жылға дейін бұл көлемді 270 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл ретте, аквашаруашылық саласына инвестиция тарту және кәсіпкерлер үшін қолайлы жағдай жасау басты басымдық ретінде белгіленген.
Депутаттардың айтуынша, Қазақстанда жергілікті маңызы бар 3 мыңға жуық су айдыны бар және олардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы ішкі нарықты сапалы балық өнімдерімен қамтып қана қоймай, экспорттық мүмкіндіктерді де арттыруға болады. Мәселен, 2024 жылы табиғи су айдындарынан 45 мың тоннаға жуық балық ауланған болса, кәсіпкерлер тарапынан өсірілген балық көлемі 24 мың тоннаны құраған.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев талқылау барысында бұл заңдардың маңызын атап өтті:
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
«Бүгін қаралған заңдар аквашаруашылық саласында туындайтын құқықтық қатынастарды реттейді. Жаңадан әзірленген жеке заң аясында аквашаруашылық субъектілері мен олардың қызмет түрлері айқындалды. Сондай-ақ салаға жауапты мүдделі мемлекеттік органдардың құзыреттері де нақтыланды. Аквашаруашылық субъектілерін мемлекеттік ынталандыру және инвесторларға қолайлы жағдай жасау шаралары да назардан тыс қалған жоқ. Заңдарды қарау барысында сенаторлар бірқатар ұсыныс берді. Алдағы уақытта қаралған заңдар еліміздегі аквашаруашылықтың орнықты дамуына тың серпін береді деп сенеміз.»
Жаңа заң аясында аквашаруашылық саласына заманауи талаптар енгізіліп, оны дамытуға жан-жақты жағдай жасалмақ. Бұл бастама Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауылдық жерлердегі экономикалық белсенділікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.