Алдағы күндері Қазақстан аумағында ауа райы күрт өзгеріп, табиғат тосын мінез танытпақ. «Қазгидромет» мәліметінше, ел аумағының басым бөлігінде белсенді циклонның ықпалымен найзағай ойнап, нөсер жауын жауады, бұршақ түсуі және екпінді жел тұруы мүмкін. Әсіресе елдің солтүстік, орталық және оңтүстік-шығыс өңірлерінде жауын-шашын күшейеді. Ауа температурасы төмендеп, күн салқындайды.
Тек еліміздің батыс өңірі антициклонның әсерінен жаңбырсыз, ашық әрі құрғақ күн райын сақтап қалмақ.
Сонымен қатар, мамандар бірқатар облыста өрт қаупінің жоғары екенін ескертуде. Атап айтқанда, Маңғыстау, Ақтөбе (батысы), Атырау (оңтүстік, батыс, солтүстік-шығысы), Шығыс Қазақстан, Қостанай (оңтүстігі), Жамбыл (солтүстік және оңтүстік-шығысы), Түркістан (оңтүстік және таулы аймақтар), Алматы (орталығы), Жетісу (солтүстік-батысы мен оңтүстігі) аймақтарында табиғи өрт қаупі жоғары.
Ал мына өңірлерде төменгі ылғалдылық пен жоғары температураның үйлесуінен төтенше өрт қаупі күтіледі:
- Қызылорда, Түркістан облыстары;
- Жамбыл облысының батысы, шығысы және орталығы;
- Ақтөбе облысының оңтүстік-шығысы;
- ШҚО мен Алматы облысының батысы мен солтүстігі;
- Ақмола облысының батысы;
- Жетісу облысының солтүстігі мен шығысы;
- Абай облысының барлық дерлік аумағы (батысы, солтүстігі, оңтүстігі, орталығы).
Бұған қоса, кейбір өңірлерде аптап ыстық сақталады. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында күндіз ауа температурасы 35–37°С-қа дейін көтеріледі. Бұл өңірлердің оңтүстігінде сынап бағаны 40°С-қа дейін жетуі мүмкін.
Мамандар тұрғындарды ауа райының құбылмалылығына дайын болуға және қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады. Табиғаттың тосын сыйларына бейжай қарамай, әсіресе ашық алаңдарда, орман алқаптары мен таулы жерлерде барынша сақ болу маңызды.