Биыл Қызылорда қаласында заманауи жылу электр орталығы (ЖЭО) іске қосылады. Бұл жоба тек өңірдегі энергетикалық қажеттілікті толық жабумен шектелмей, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне де оң әсер етуі тиіс. Құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр.
Қала тұрғындары ондаған жыл бойы пайдаланған 1964 жылы салынған ескі ЖЭО енді резервке қойылып, кейін консервацияланады. Оның орнына қуатты әрі экологиялық талаптарға сай
Жаңа жылу электр орталығы сағатына 240 мегаватт электр энергиясы мен 277 гигакалория жылу өндіре алады. Бұл көрсеткіштер Қызылорда өңірінің жылу мен жарыққа деген сұранысын толық жабуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, артық энергияны көрші аймақтарға тарату да көзделіп отыр.
«Нысан толық іске қосылған соң, өңірдің электр жүктемесі тұрақтанып, желіге түсетін салмақ жеңілдейді. Бұл – энергетикалық қауіпсіздік үшін өте маңызды», – дейді Рауан Әбсейітов, ЖЭО бөлім басшысы.
Жаңа орталық іске қосылғаннан кейін қаладағы ескі жылу электр станциясы уақытша резервке қойылып, кейін толық консервацияға өтеді. Оның құрал-жабдықтарының 90%-ы тозған. Соған қарамастан, когенерациялық газтурбиналық электр станциясы (КОГТЭС) өз жұмысын жалғастыра бермек.
«КОГТЭС-ті жаңғырту жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайын, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алдық», – деді орталықтың бас инженері Наурыз Сатханов.
Жаңа ЖЭО құрылысы шетелдік инвестициялар есебінен жүзеге асырылып отыр. Жобаның жалпы құны — 215 миллиард теңге. Бұл қаражат жылу-электр жүйесін толық жаңғыртып, экологиялық стандарттарға сай келетін заманауи инфрақұрылым құруға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, бұл нысан тек энергетика саласы үшін емес, жалпы өңірлік экономиканың тұрақты дамуы үшін де шешуші рөл атқарады. Құрылыс барысында жүздеген адам жұмыспен қамтылып, кейін пайдалануға берілген соң жаңа жұмыс орындары ашылады.
Қызылорданың жаңа жылу электр орталығы – өңірлік деңгейден тыс маңызға ие жоба. Ол қала тұрғындарын сапалы жылу және жарықпен қамтамасыз етумен қатар, елдің энергетикалық жүйесіндегі ішкі тұрақтылықты күшейтеді. Уақыт талабына сай жасалған бұл қадам – энергетикадағы жаңғыру мен қауіпсіздіктің кепілі.