Бельгияның Генк қаласында Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақстандық жауынгерлерді еске алуға арналған салтанатты шара өтті. Бұл іс-шара Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру мен ұрпақ жадын жаңғырту жолында маңызды қадамдардың бірі болды.
Шараға Қазақстанның Бельгиядағы дипломатиялық миссиясы өкілдері, еліміздің Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері, сондай-ақ жергілікті және халықаралық БАҚ өкілдері қатысты. Қатысушылар Генк қаласындағы кеңестік сарбаздардың зиратына барып, гүл шоқтарын қойды.
Сол жерде жерленген Нұрадин Бисенов пен Тоғайбай Уәлиев — екеуі де 1944 жылдың көктемінде Бельгия аумағында қаза тапқан қазақстандық жауынгерлер. Олар нағыз ерліктің символына айналды. Жауынгерлердің есімі бүгінгі бейбіт өмірдің іргетасын қалаған тарихи тұлғалар ретінде ерекше аталып өтті.
ҚР Қорғаныс министрлігінің НАТО Штаб-пәтеріндегі әскери өкілінің орынбасары Алмас Нұрғалиев өз сөзінде:
«Бельгияда сол қан майданда қаза тапқан 10 қазақстандық сарбаз жерленген. Біз олардың есімдерін, туған-туыстарын анықтау жұмыстарын жалғастыра береміз. Бұл – тарих алдындағы, болашақ алдындағы үлкен жауапкершілік. Әлемде соғыс қайталанбасын деп тілейміз. Біз әскери дипломаттар ретінде осындай қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін бар күш-жігерімізді салып, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау жолында аянбай қызмет етудеміз», – деді.
Қазақстандық жауынгерлердің Еуропа жеріндегі ерлігі — халқымыздың жаһандық бейбітшілікке қосқан үлесінің дәлелі. Бельгиядағы еске алу шарасы — осындай ерлікті ұмытпау, ұрпаққа жеткізу және соғыстың зардабын ешқашан қайталамауға деген ұмтылыстың жарқын көрінісі.