Шымкент қаласындағы Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақта көріктендіру және жаңғырту жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Саябақта демеушілердің қолдауымен бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып, заманауи инфрақұрылым қалыптасуда.
Саябақтың кіреберіс қақпасы жанындағы аймақта қалалық әуежайдың демеушілігімен жаңа спорт алаңы салынды. Бұл заманауи спорт аймағы түрлі құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген, сол арқылы тұрғындар мен саябаққа келушілер үшін белсенді демалысты қолдайтын қолайлы орынға айналды. Осы спорт алаңында әр түрлі жастағы адамдар дене шынықтырумен айналысып, салауатты өмір салтын ұстануға мүмкіндік алды.
Соңғы үш ай ішінде саябақ аумағында бірқатар маңызды көгалдандыру және инфрақұрылымдық жаңартулар жүзеге асырылды. Әуелі, ескі күзет бекеттері жаңартылып, олардың орнына төрт заманауи күзет үйі орнатылды. Бұл күзет үйлері саябақтың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, келушілердің тыныштығын сақтауға септігін тигізуде. Сонымен қатар, бос жатқан жерлер көгалдандырылып, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 400 түп қарағай ағашы отырғызылды. Ағаштар тұрақты суарылып тұруы үшін бұл аумақ автоматты суғару жүйесімен жабдықталған, соның арқасында ағаштардың өсіп-жетілуіне қолайлы жағдай жасалған.
Саябақтың «Қошқар ата» учаскесінде де бірқатар маңызды жұмыстар атқарылды. «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен мұнда кешкі уақыттағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жаңа жарықтандыру жүйесі орнатылды. Саябақтың осы учаскесіне 60 заманауи жарықшам қойылып, ұзындығы 300 метрлік кабель тартылды. Бұл жұмыстар нәтижесінде саябақтың кешкі көркі артып, тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз демалыс орнына айналды.
Осы атқарылған жобалар мен демеушілердің қолдауы саябақтың инфрақұрылымын едәуір жақсартып, табиғат аясында тынығып, спортпен шұғылдануға қолайлы жағдай жасады. Жаңғыртылған дендросаябақ қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, таза және қауіпсіз демалыс орнына айналып отыр.