Бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдары жаһандану дәуірінде толқынмен алысқан кеме іспетті. Әлеуметтік желілердің, түрлі платформалардың пайда болуы еріксіз түрді жаңа медианың қалыптасуына алып келді. Бізге үйреншікті телевизия, радио мен газеттен бөлек интернет журналистика мен блогинг пайда болды. Бұл өз кезегінде ақпарат құралдары өкілдерінің қызметін қайта қарауға, оларға жаңаша дағдыларды меңгеруге итермелеуде. Солардың арасында кәсіби біліктілігі мен мол тәжірибесіне қарамастан білім көкжиегін кеңейтіп, БАҚ саласына жаңаша леп беруге ынталы болып жүргені азаматтардың бірі – Маралбек Сағынғанов.
- Маралбек мырза, біріншіден сұхбат беруге келіскеніңізге рақмет!
- Шақыруларыңыз үшін сіздерге де алғыс білдіремін.
- Білуімізше қазір сіз Америка Құрама Штаттарында өмір сүрудесіз?
- Рас. Бүгінде Калифорния штатының Лос Анжелес қаласында білім алудамын.
- Көптің арманы болған қалада тіршілік ету қалай?
- Біріншіден бұл мүмкіндік. Әрине, үлкен қаланың өз қиындықтары мен машахаты баршылық. Онысымен қоймай студент атағын қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен, жоғарыда атап өткенімдей мұндағы мүмкіндіктерді барынша пайдалануға тырысудамыз.
- Қазақстанда сі ұлттық телеарнамызда жауапты қызметте болдыңыз. Орныққан білікті журналист едіңіз. Мұхит асып, білім алуға не итермеледі?
- Расында, елде қазақ телевизиясының қара шаңырағында қызмет ету бұйырды және оны мақтаныш етемін. Дегенмен, оған дейін де түрлі телеарналарда жұмыс жасадым. Телевизия саласында жүріп, журналистиканың ғылыми болмысын қатар зерттегім келді.
- Сіз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика мамандығы бойынша магистр дәрежесін иелендіңіз ғой. Оны білеміз. Әлде ол білім жеткіліксіз болды ма?
- Жоғарыда атап өткенімдей, ғылыми зерттеу саламның тек бір магистрлік еңбекпен немесе өз аймағымызбен шектелгенін қаламадым. Өзім межелеген фейк ақпараттарға қатысты кең зерттеуімнің шеңберін ұлғайтуды қаладым. Сондықтан шет елді білім алуды көздеген кезімде ойланбастан АҚШ-ты таңдадым.
- Бұл таңдауыңыз айдан анық. Журналистика – мұхит болса, оның нағыз акулалары Америка Құрама штаттарында екені сөзсіз.
- АҚШ-ты таңдау себебім – Журналистиканы тек кәсіби бағдар емес, ғылым тұрғысанан қарауы ұнады. Әрине, бұл сала майталмандары мұнда көп. Себебі бұл салаға деген көзқарас та бөлек. Мұнда БАҚ-тың тек бір саласын ғана зерттеп, соны жан-жақты сараптайтын орталықтар жетерлік. Сондықтан білім алу үшін осы елді таңдадым.
- Өзіңіз жоғарыда атап өткендей, басқа телеарналарда қызмет еттім дедіңіз. Солардың ішінде ұмытпасам алғашқы жұмыс орныңыз «Рика ТВ» аймақтық телеарнасы болатын.
- Біраз зерттеген екенсіз (күлді). Расында менің алғашқы еңбек жолым Ақтөбедегі «Рика ТВ» телеарнасынан басталды. Аталған мекемеде алғашында репортер, кейін қазақ бөлімінің жетекшісі қызметін атқардым.
- Дәл осы тұста айта кетер жәйіт. Аталған телеарнада қазақ тілді бағдарламалардың көрсеткішін 123% арттырған екенсіз. Мұның құпиясы неде? Және ең қызығы сол кезде сіз небәрі 20 жастан енді асқан азамат едіңіз.
- Біз бірінші кезекте көрермендер арасында шағын зерттеу жасадық. Қазақ тілді аудиторияның талап-тілегін, қалауын ескердік. Кейін соған сай жобалар әзірлеп, ұсындық. Барлығы 10 шақты бағдарламаны жүзеге асырдық. Нәтижесі өзіңіз көріп отырғандай көңіл көншітерлік деңгейге жетті.
- Керемет! Кейінгі қызметіңізден алдын мына бір сұрақ көкейде тұр. Сіз көп жылдар Қазақстан Республикасы Президентінің журналистік пулында болдыңыз. Мемлекет басшысы турасында ақпарат тарататын жауапты орында қызмет ету қиын болмады ма?
- Әрине өзіндік қиындықтары бар. Ең басты қиындық уақыттың тығыздығы. Әсіресе шетелдік сапарларда өте шапшаң қимылдау керек. Мемлекет басшылары деңгейіндегі жиындардың өз протоколдары бар. Ғимараттарға еркін кіріп шығу мүмкін емес. Сондықтан бәрін жылдам істеп, екі ел арасынадағы уақыт айырмашылығы да еске алып, өзіңнің жаңалықтарың шығатын уақытқа үлгеруің керек.
- Соларға қатысты нақты бір мысал келтіре аласыз ба?
- Бірде Австриядағы тоқтаған отелімізде интернет істемей қалды. Ал дайын материалды қазір жіберіп үлгеруіміз керек. Ноутбугімізді қолға алып, түн ішінде интернет іздеп кеттік. Қас қылғанда еуропада ресторанө кафелердің өзі ерте жабылады. Сөйтіп қаңғып жүріп, көшеде темекі шегіп тұрған біреуден көмек сұрадым. Ол сол жерде тұрады екен. Соның үйіне кіріп, соның интернетімен жібердім. Бұл әрине техникалық қиындық. Одан бөлек, ондай деңгейлі шаралардың ақпаратын мейілінше түсінікті, дәл жеткізу бөлек әңгіме. Көбіне кездесулер жабық есік артында болады ғой. Содан соң, журналистерге брифинг өткізіледі. Ол жердегі ақпарат құрғақ. Содан қолыңа берілген ресми құжаттарды оқып шығуың керек. Оған тағы да уақыт тығыз, тамақ ішіп отырып та, машина ішінде келе жатып та, әйтеуір барлық кезде жұмыс істеп жатасың. Кейбір әріптестерім, шетелге шығасың, қыдырасың деп қызығатын. Бірақ шындығында қыдыруға мүлде уақыт жоқ. Әсіресе Президенттің ұшағына мінетін болсаң, тіпті уақыт қалмайды. Алайда мол тәжірибе жинақтап, БАҚ-қа жаңаша қырынан қарауды үйрендік.
- Әрине, ол да бір үлкен тәжірибе.
- Келісемін.
- Қазір сіз білім алумен қатар Қазақстандағы түрлі оқу орындарына арнайы дәрістер өткізіп отырасыз. Көбіне көп қандай тақырыптар аясында сөз қозғайсыз?
- Елдегі әріптестерімнің қолқа салуымен анда-санда қонақ дәрістер өткіземін. Көбіне көп сол фейк ақпараттар, ақпарат тазалығы және оны сүзгілуге қатысты тәжірибеммен бөлісемін. Бұдан бөлек, жас журналистерге лекция оқып тұрамын.
- Медиа форумдар мен арнайы жиындарға қатысу мүмкіндігі қалай?
- Қазақстанда өткен бірнеше медиа форумда онлайн қатысып, спикер ретінде сөз сөйлегенім бар. Бірақ бірінші кезекте сол шеберлік сағаттары мен арнайы дәрістерге көңіл бөлемін. Мен адамдардың шынайы ақпарат қабылдағанын қалаймын және сол ақпаратты таратушы журналистердің барынша білікті болуы үшін өз үлесімді қосқым келеді.
- Батыл бастама Маралбек Сапарұлы. Әрине, нақты мақсат болса оған жету жолы да жеңіл болмақ. Ісіңізге сәттілік тілейміз және сұхбат беруге келіскеніңізге ерекше алғыс білдіреміз.
- Сіздерге де рақмет!